Accessibility links

"Путиннің денсаулығы үшін тост көтерем". Путин мен Ким Чен Ынның кездесуі қалай өтті?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын (оң жақта) "Восточный" айлағында. 13 қыркүйек 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын (оң жақта) "Восточный" айлағында. 13 қыркүйек 2023 жыл.

13 қыркүйекте Амур облысындағы "Восточный" айлағында Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кездесті. Батыс елдерінің тарапынан санкция қысымында қалған Ресей мен Солтүстік Корея лидерлерінің кездесуі жайлы белгілі ақпараттарды қысқаша шолып шықтық.

ПУТИН МЕН КИМ НЕ АЙТТЫ?

Ресейге брондалған ауыр пойызымен келген Ким Чен Ын Путинге денсаулық тілеп, Украинадағы соғысты меңзей келе "Ресейге толық қолдау көрсетуге дайын" екенін жеткізді.

Ким мен Путин алдымен космодромды аралады. Ким тілек дәптерге "Ғарышты алғаш игерген Ресей мәңгі өлмейді" деп қолтаңба қалдырды. Ал екеуінің ресми кездесуі шамамен 4-5 сағаттай болып, Ким Солтүстік Корея үшін Ресеймен қарым-қатынас "бірінші орында" деп мәлімдеген.

Вашингтон тарабы Путин бұл кездесуде Кимнен Украинада соғысып жатқан Ресей әскеріне қару-жарақ сұрауы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген. АҚШ "кездесуде Ресей соғысқа қару-жарақ, оқ-дәрі сұрап, орнына сүңгуір қайық технологиясын ұсынады" деп топшылаған.

Батыс барлаушылары Украинадағы соғыста Ресейдің қару-жарағы таусыла бастағанын айтқан. Ал сарапшылар да Солтүстік Кореяда Совет одағындағы әдістермен жасалған миллиондаған артиллериялар мен ракеталар болуы мүмкін және бұл қаруларды Ресей Украинадағы соғыста қолдануы мүмкін" деп санайды.

APTOPIX North Korea Russia
APTOPIX North Korea Russia

Ал Путин "Ресей Солтүстік Кореяға ракеталар құрастыруға көмектесе ме?" деген журналистердің сауалына "Сол үшін осы [ғарыш айлағына] келдік. КХДР лидері ракета жасау технолошиясына қызығушылық танытты. Олар да ғарышты дамытқысы келеді. Мұны асықпай талқылаймыз, оған уақыт бар" деп жауап берген.

Ким кездесуде "Ресей қазір егемендігі мен қәуіпсіздігін қорғау үшін үстем күштерге қарсы қасиетті соғыс жүргізіп жатыр. Біз Ресей президентінің осы бағыттағы кез келген шешімін қолдап келдік. Қазір де өзіңізге айтайын, империализмге қарсы күресте әрқашан Ресеймен біргеміз" деген.

Кездесуде екі тарап нақты қандай келісімге келгенін білу мүмкін емес. Әдетте Кремль Путиннің ресми кездесуінен кейін баспасөз мәслихатын өткізетін. Бұл жолы екеуі журналистер алдына шыққан жоқ.

Интерфакс ақпарат агенттігінің жазуынша, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ким Чен Ынмен келіссөз "маңызды әрі мәнді болды" деген.

БІР-БІРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН ТОСТ КӨТЕРУ

Кездесуден түсірілген ресми фотоларда Кимнің жанында Солтүстік Кореяның ғарыш комитетінің жетекшісі Пак Тхэ Сон, әскери флоттың адмиралы Ким Мён Сик байқалады.

Оңтүстік Корея тарабы бұл екеуі Солтүстік Кореяның шпион-спутниктер мен суасты баллистикалық ракеталарын жасауға қатысы бар.

utin and Kim review rocket launch sites at Russia's Vostochny Cosmodrome
utin and Kim review rocket launch sites at Russia's Vostochny Cosmodrome

Ким Путинмен кездесуде экономикалық және әскери технология бойынша көмек сұрайды деп айтылған еді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко ресейлік агенттіктерге Мәскеу Солтүтсік Корея делегациясымен "гуманитарлық көмекті" де талқылайтынын мәлімдеген.

Солтүстік Кореяға халықаралық санкцияның басым бөлігін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі салған. Пхеньянға шектеу қоюды Ресей де қолдаған еді. Ал Ресейдің Пхеньяннан қару алуы халықаралық санкцияны бұзады.

Вашингтон Солтүстік Корея Мәскеудің сұрағанын берсе тағы да санкция салынатынын ескертті.

"Ресейге майданда қолданатын қару-жарақ беру, астық қамбаларын атқылауға, қыс жақындағанда қалаларды бомбалауға, бөтен елдің жерін жаулап алуға оқ-дәрі жеткізу Солтүстік Кореяға жақсылық әпермейді. Халықаралық қауымдастық алдында құн төлейді" деді АҚШ президентінің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан.

Кездесуден кейін Путин мен Ким түскі ас ішіп, тост көтерді. Путин қолындағы вокалын ұстап тұрып, "екі халықтың дамуы үшін, төрағаның және осы жердегі адамдардың денсаулығы үшін" деді. Ал Ким "Путиннің денсаулығы үшін тост" көтерді.

Ресми түскі астан кейін Ким брондалған пойызына мініп, Пхеньянға қайтты.

Бұл – Ким Чен Ынның пандемиядан кейінгі шетелге алғашқы сапары. Солтүстік Корея билігі коронавирус тараған тұста қатаң шектеу енгізіп, бұл шара үш жылға созылған еді.

AP, Reuters, AFP және ресейлік ақпарат агенттіктердің ақпараты бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG