Accessibility links

Қазақстанда АЭС салу туралы референдумге дауыс беру. Алматы облысы Үлкен ауылы, 6 қазан 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу туралы референдумге дауыс беру. Алматы облысы Үлкен ауылы, 6 қазан 2024 жыл.

Қазақстанда АЭС салу туралы референдум қалай өтті?

Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумге дауыс беру аяқталды. Таңертеңгі сағат жетіде елде 10 мыңнан астам референдум учаскесі ашылды. Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "Иә" немесе "жоқ" деген екі жауап көрсетілді.

14:44 6.10.2024

Үлкен қалалардағы орталық алаңды полиция бақылап тұр

Азаттықтың Семейдегі, Қарағандыдағы және Оралдағы тілшілерінің хабарлауынша, орталық алаңдарды полиция қызметкерлері бақылап тұр. Алаң маңында полиция көліктері тұр. Наразылық білдіріп я басқадай себеппен жиналған ешкім байқалмайды.

АЭС салу туралы референдум өтіп жатқан күнгі Қарағандының орталық алаңының суреті. 6 қазан, 2024 жыл.
АЭС салу туралы референдум өтіп жатқан күнгі Қарағандының орталық алаңының суреті. 6 қазан, 2024 жыл.

Бұған дейін 6 қазанда сағат 14-те осы алаңдарға жиналып, АЭС салуға қарсы митингіге шығуға 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов үндеген еді. Ол бұған дейін де бірнеше рет наразылық шеруіне шығу жөнінде үндеулер жасаған. 2019 жылы оның үндеуі бойынша көшеге наразылық білдіріп шыққан адамдарды полиция жаппай ұстап әкеткен. Кейінгі екі жылда Әблязов алдын ала белгілеп, үндеу жасаған митингілер өтпей қалды. Наразылық акциясы өтеді деп белгіленген күннің қарсаңында полиция оппозициялық көзқарастағы белсенділерді ұстайды. Митинг өтеді делінген күні белсенді азаматтардың үйінің маңын торуылдап жүреді.

14:17 6.10.2024

Астанада АЭС-ке қарсы пикетке шыққан белсендіні полиция әкетті

Астанада АЭС салуға қарсылық білдіріп жалғыз адам пикетіне шыққан белсенді Эльвира Бекзадинаны полиция алып кетті.

Бекзадина әуелде "Солтүстік" сауда орталығы маңындағы көшеде "STOP АЭС" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған еді. Жай киім киген адамдар белсендіні сырттай бақылап, смартфонға түсіріп алған.

Белсенді Эльвира Бекзадина пикетте тұр. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.
Белсенді Эльвира Бекзадина пикетте тұр. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

Кейінірек белсенді "Жастар" сарайына қарай беттеді. Шетелде тұратын қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов (ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты экстремистік деп таныған, Еуроодақ резолюцияларында ол ұйымды бейбіт оппозиция деп атаған) Астанадағы "Жастар" сарайы алдындағы алаңды "наразылық митингі өтетін орын" деп көрсеткен.

Бірнеше кварталдан кейін Бекзадинаны жол қиылысынан полиция қызметкерлері алып кетті. Осы сәтте Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасалды.

Астанадағы "Жастар" сарайының маңы жабық тұр: айналасын темір шарбақпен қоршап қойған.

14:11 6.10.2024

Шымкентте де оппозиция "митинг болады" деген жерді полиция бақылап тұр

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі "Шымкент Плаза" маңындағы жағдайды көрді. Бұған дейін шетелдегі оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов осы жерді АЭС-ке қарсы митинг орны деп көрсеткен. Қазір бұл жерде полиция қызметкерлері, ары-бері өтіп жатқан жаяу адамдар мен көліктерден өзге жиналған ешкім байқалмайды.

13:57 6.10.2024

Алматының "Астана" алаңын полиция бақылап тұр

Референдум өтіп жатқан жексенбі күні Алматы қаласындағы "Астана" алаңында полиция қызметкерлері әдеттегіден көп жүр. Алаң шетінде арнайы жасақ мінген автобус пен бірнеше автозак, полиция жеңіл көліктері тұр.

Бұған дейін осы алаңды шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов (ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты экстремистік деп таныған, Еуроодақ резолюцияларында ол ұйымды бейбіт оппозиция деп атаған) АЭС-ке қарсы митинг өтетін орын деп көрсеткен. Қазір ол маңда полиция мен ары-бері өтіп жатқан адамдардан басқа ешкім байқалмайды.

Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өтіп жатқан күні "Астана" алаңына бақылап тұрған полиция. Алматы, 6 қазан, 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өтіп жатқан күні "Астана" алаңына бақылап тұрған полиция. Алматы, 6 қазан, 2024 жыл.

Азаттық сөйлескен полиция қызметкерлері бұл жерде қоғамдық тәртіпті қадағалап тұрғанын, әлдебір наразылық шарасының жолын кесуді көздеп тұрмағанын айтты.

"Астана" алаңының шетінде тұрған полиция көліктері. Алматы, 6 қазан, 2024 жыл.
"Астана" алаңының шетінде тұрған полиция көліктері. Алматы, 6 қазан, 2024 жыл.

Референдум қарсаңында елде ондаған белсенді ұсталып, жауапқа тартылған. Кейбірі қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Құқық қорғаушылар "билік белсенділерді саяси көзқарасына бола қудалап жатыр" деп сын айтқан.

Жексенбі күні Астанадағы референдум учаскесінде дауыс берген парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев "белсенділер саяси көзқарасына бола ұсталған жоқ, олар заң бұзған", ал "Қазақстанда азаматтардың саяси құқықтары шектелмейді" деді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG