Accessibility links

Тоқаев әкімшілігін басқарған Қошанов мәжіліс төрағасы болып сайланды


Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов.

Қазақстанда парламент мәжілісінің төрағасы ауысты. Президент әкімшілігін басқарып келген Ерлан Қошанов "өз өтініші бойынша" депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын доғарған Нұрлан Нығматулиннің орнына спикер болып сайланды. Елде қаңтардағы дүрбелеңнен кейін басталған ауыс-түйіс әлі жалғасып жатыр.

ДЕПУТАТ БОЛЫП ТІРКЕЛІП, МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНА АЙНАЛДЫ

Әдетте аптаның сәрсенбісінде жалпы отырысқа жиналатын мәжіліс депутаттары 1 ақпан, сейсенбі күні төменгі палатаның жоспарланбаған жиыны өтетіні туралы хабарды 31 қаңтарда алған. Іле-шала әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа сілтеген кейбір БАҚ "мәжіліс төрағасы ауысатыны" жайлы хабарлады.

Сейсенбі таңертең депутаттар палата спикері Нұрлан Нығматулиннің депутаттық өкілеті "өз өтініші бойынша" мерзімінен бұрын доғарылғаннан кейін, мәжіліс төрағасы етіп Ерлан Қошановты сайлады. 2019 жылдың қыркүйегінен бері Қазақстан президенті әкімшілігін басқарған Қошановты бүгін таңертең Орталық сайлау комиссиясы мәжілісте босаған орынға депутат етіп тіркеген еді. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қошанов президент әкімшілігі жетекшісі қызметінен босатылды.

Төраға ауысатынын депутаттардың өзі білмеген
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Мәжілістің бұл отырысына БАҚ өкілдері қатыстырылмады, тікелей трансляция жүргізілген жоқ. Кей депутаттың айтуынша, палата төрағалығына Қошановтың кандидатурасын парламенттегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесі депутат Ерлан Сайыров ұсынған. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша, депутаттар Қошановтың кандидатурасын бір кісідей қолдаған. Дауыс беруге қанша депутат қатысқаны туралы ресми ақпарат жоқ.

2020 жылы парламент сенаты төрағасын "сайлау" да тура осылай өткен еді. 4 мамырда Қазақстан президенті әкімшілігінің төрағасы қызметінен босатылған Мәулен Әшімбаевқа арада бірнеше сағат өткенде Орталық сайлау комиссиясы сенат депутаты мандатын тапсырған. Әшімбаев сенаттың бұрынғы депутаты Дариға Назарбаевадан босаған орынға барған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға 2019 жылғы наурызда әкесі президенттік қызмет өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, өз орнына көп жылғы серігі болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Сол кезде Тоқаевтан босаған сенат төрағасы қызметіне Дариға Назарбаева сайланған еді. Назарбаеваның сенат депутаты өкілетін доғару туралы жарлыққа президент Тоқаев 2021 жылғы 2 мамырда қол қойған. Көп өтпей Мәулен Әшімбаев дәрежесі бойынша мемлекетте президенттен кейінгі екінші лауазым саналатын сенат төрағасы болды.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға (оң жақта) құдасы, Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашев парламент мәжілісі депутаты куәлігін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға (оң жақта) құдасы, Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашев парламент мәжілісі депутаты куәлігін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.

2021 жылғы 10 қаңтарда өткен даулы сайлаудың (Батыс бақылаушылары сынға алған) ресми қорытындысы бойынша, парламент мәжілісіне "Нұр Отан" партиясынан сайланған 76 адамның бірі Дариға Назарбаева еді.

Биыл 1 ақпанда төменгі палата төрағасын жаңадан сайлаған жиынға қатысқан депутаттар арасында Дариға Назарбаева болмады. Ол биыл жыл басынан бері мәжіліс отырысына қатысқан жоқ, бұған дейін көмекшісі Назарбаеваға коронавирус жұққанын айтып, қаңтардың аяғына дейін демалыста болады деген. Дариға Назарбаеваның аты-жөні 31 қаңтарда жарияланған "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесі бюросының жаңартылған құрамында да көрінбеді. Ол өткен аптада экс-президент Назарбаевтан партия басшылығы қазіргі президент Тоқаевқа өткен "Нұр Отан" съезіне де қатыспады. Партияның жаңарған саяси кеңесі құрамына Нұрсұлтан Назарбаев, Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин және тағы осы партияның тағы бірқатар функционері енген жоқ.

Қазір мәжілісте үш саяси партия бар. Палатадағы 107 орынның 76-сына "Нұр Отан" партиясы, 12 орынға "Ақ жол" партиясы, ал 10 орынға "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) ие болып отыр.

КЕТКЕН ЖӘНЕ ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ТӨРАҒА

Мәжілістің бұрынғы төрағасы, депутаттық өкілеті доғарылған Нұрлан Нығматулин 1 ақпанда парламенттен кетер алдында депутаттар алдында сөйледі. 59 жастағы Нығматулин өзіне "сенім танытып, әркез қолдау көрсеткені үшін ең алдымен" биліктегі "Нұр Отан" партиясының негізін қалаған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президент әрі билік партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірген.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл.

Қарағанды облысының тумасы Нұрлан Нығматулин кейінгі он жылда мәжіліс төрағалығына үш мәрте сайланды. Алғаш рет 2012 жылы қаңтарда сайланып, 2014 жылдың сәуірінде президент әкімшілігі жетекшісі қызметіне ауысқанға дейін отырды. Сол жылы күзде мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Кейін 2016 жылғы 22 маусымда және 2021 жылғы 15 қаңтарда мәжіліс төрағасы болып екі рет сайланды. 2019 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясының мәжілістегі фракциясын басқарды.

Оның алдында Нұрлан Нығматулин астана әкімінің орынбасары (1999-2002), көлік және коммуникация министрінің орынбасары (2002-2004) болып қызмет атқарды, төрт жылға жуық Қарағанды облысын басқарды. Оның бауыры, егіздің сыңары Ерлан Нығматулинді Қазақстанда шығатын Forbes басылымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің тізіміне енгізген.

59 жастағы Ерлан Қошанов та Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол бұған дейін мәжілістің үш шақырылымына (2011, 2016 және 2020 жыл) "Нұр Отан" партиясынан депутат болып сайланған. 2017-2019 жылдары аралығында Қарағанды облысының әкімі болды. Мамандығы бойынша инженер-механик.

Нығматулин сияқты, Қошанов та Совет одағы тарағанға дейін комсомол ұйымында қызмет атқарған. Совет кезінде партия функционерінің отбасында өмірге келген Ерлан Қошановтың ресми өмірбаянында политехника институтын тәмамдағаннан кейін Жезқазған тау-кен және металлургия комбинатында слесарь, кейін Жезқазған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы болып істеген. Совет одағы тараған соң Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитеті төрағасы болып тағайындалған.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) өзі Қарағанды облысы әкімі етіп тағайындаған Ерлан Қошановты (сол жақта тұрған) таныстырып отыр. Қарағанды, 14 наурыз 2017 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) өзі Қарағанды облысы әкімі етіп тағайындаған Ерлан Қошановты (сол жақта тұрған) таныстырып отыр. Қарағанды, 14 наурыз 2017 жыл.

1995 жылы Ерлан Қошанов парламент сенаты депутаты болып сайланды, 1999 жылы үкіметтің парламенттегі өкілі болып істеді. 2000 жылдары үкіметте бірқатар жауапты қызмет атқарды: премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары, көлік және коммуникация министрінің орынбасары, осы министрлік құрамындағы азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

2007 жылдан бастап Қошанов Қазақстан премьер-министрі кеңсесінде 10 жыл тапжылмай отырды: алғашында кеңсе жетекшісінің орынбасары, кейін кеңсе басшысы болып тағайындалды. Бір қызығы, Қошанов осы қызметтерде жүрген кезде Кәрім Мәсімов екі рет үкіметті басқарды (әуелі 2007 жылдан 2012 жылға дейін, кейін 2014-2016 жылдар аралығында).

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН АУЫС-ТҮЙІС КӨБЕЙДІ

Бұрынғы президент Назарбаевтың сенімді жақтасы, 2016 жылғы 8 қыркүйектен бастап Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы болып істеген Кәрім Мәсімовті биыл қаңтардағы дүрбелең кезінде президент Тоқаев қызметінен алды. Іле-шала Мәсімов тұтқындалып, оған мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алмақ болды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Тоқаев ҰҚК басшылығын түгел ауыстырды.

Кәрім Мәсімов.
Кәрім Мәсімов.

Билік Мәсімовтің ісі "құпия" деп мәлімдеді. Ол қамауға алынғалы бері туыстары да, адвокаты да ешқандай түсініктеме берген жоқ. Мәсімовпен бірге оның бұрынғы екі орынбасары – Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұлов та тұтқындалды.

1 ақпанда Тоқаевтың жарлығымен Мұрат Нұртілеу президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Қаңтардағы дүрбелең кезінде Тоқаев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындаған 45 жастағы Нұртілеу ол қызметте бір ай да отырып үлгерген жоқ. Оған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып істеген. 2021 жылдың ақпаны мен 2022 жылдың қаңтары аралығында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған. 2019 жылы наурызда Тоқаев президент міндетін атқаруға кіріскен кезде Нұртілеуді өзіне көмекші етіп тағайындаған.

12 қаңтарда Қазақстанда жаңа үкімет құрамы бектілді. Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі жаңадан тағайындалды.

Қаңтар айында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен туған-туысы және төңірегінен біраз адам осыған дейін атқарып келген қызметтен алынған.

5 қаңтарда Тоқаев Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан ығыстырды. Кейін Назарбаевтың үш күйеубаласы ірі компаниялар мен ұйымдардағы лауазымынан босатылды. Дариға Назарбаеваның "күйеуі" делінетін Қайрат Шәріпбаев "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағалығынан, Назарбаевтың тағы бір қызы Әлияның күйеуі Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма басшылығынан, Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның күйеуі Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті.

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.

31 қаңтарда Алматы қаласының әкімі қызметіне Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев тағайындалды. Экс-әкім Бақытжан Сағынтаев отставкаға кетті. Кейбір сарапшылар билікке сын көбейген шақта Ақорда бірқатар кадрларды ауыстырып, өзгеріс жасағандай кейіп танытып отыр, шын мәнінде Назарбаев тұсында жоғары лауазымды иеленген шенеуніктер бір-бірімен жай ғана орын алмастырды, жағдай өзгермейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG