Accessibility links

Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Киев маңында америкалық журналист оққа ұшты

Киев облысы полициясының басшысы Андрей Небитов Киев түбіндегі Ирпенде америкалық журналист Брент Реноның оққа ұшқанын хабарлады. Небитов Facebook парақшасында журналистің пресс-картасы мен төлқұжаты, қансыраған адамның суретін жариялады.

Киевтегі балалар ауруханасының баспасөз хатшысы Анастасия Магеррамова шабуыл кезінде Реноның жанында болған тағы бір америкалық журналистің видеосын жариялады. Оның сөзіне қарағанда, олар Ирпендегі көпірлердің бірінде босқындарды түсіріп, екіншісіне қарай барған кезде шабуылға ұшыраған.

Журналистің пресс-картасында оның The York Times тілшісі екені айтылады. Алайда басылым Реноның қазір газетте істемейтінін айтқан.

Брент Рено қақтығыс орындарынан ақпарат тарататын журналист. Деректі фильмдердің авторы ретінде беделді халықаралық сыйлыққа ие болған. Египет, Оңтүстік Америка елдеріндегі төңкерістерден репортаж жасаған.

Мариупольде 24 ақпаннан бері 2 187 адам қаза болған. Бұл жөнінде қала әкімшілігі дерегіне сүйенген Reuters тілшісі Фил Стюарт хабарлады.

Мариуполь бірнеше күннен бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Қалада қызу шайқастар жүріп жатыр. Соның салдарынан тұрғындар қаладан шыға алмай қалған, гуманитарлық көмек жеткізілмей жатыр.

13 наурыз. Қазірге дейін не белгілі? Негізгі оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:

  • Украина ақпарат құралдары жексенбіге қараған түні көптеген облыстарда дабыл қағылғанын жазды.
  • Львов облысының тұрғындары жарылыс болғанын хабарлады.
  • Польшаға шамамен 10 шақырым жердегі Яворов әскери полигоны зымыранмен атқыланды. Кемінде 35 адам қаза болған, 134 адам жараланған.
  • Ивано-Франковска әуежайына соққы жасалғаны хабарланды.
  • Киев әкімшілігінің хабарлауынша, Ресей әскері қаланың солтүстік-батысындағы психикалық-неврологиялық интернатты атқылаған. Мекеме қызметкерлері мен интернат қамқорлығында болған адамдар шабуылға дейін басқа жаққа көшірілген.
  • Киев түбінде Америка тілшісі оққа ұшты. Тағы бір журналист жараланды.
  • Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтті. Хабаровск, Омбы, Иркутск, Владивосток, Екатеринбург қалаларында ұстаулар болған. Кемінде 600 адам ұсталған.
  • Киев Ресей 2014 жылғы "сценариймен" Херсонда тәуелсіздік бойынша "референдум" өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
  • Qazaq Air әуе компаниясы 13 наурыздан бастап Ресейге қайта ұша бастайтынын хабарлады.
  • Ресейдің Украинаға басып кіруі Африкада азық-түліктің қымбаттауына әсер етті.
  • Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің барысын баяндады.
  • Ресей Украина аумағында химиялық қару қолданатын операция жоспарлауы мүмкін. Немістің Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді.
  • Украина Ресей әскері Киевке штурм жасауға дайындық жасап жатыр деп қауіптенеді. Бұған дейін британ барлау басқармасы Ресей әскерінің негізгі бөлігі Киевтен 25 шақырым жерде тұр деп мәлімдеген.
  • Украина президенті Владимир Зеленский соғыста 1300 украин жауынгері қаза болғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG