БҰҰ-ның Бағдадтағы өкілдігінде сейсенбі күні болған жарылыстан кемінде 17 адам қайтыс болды

Көз жұмғандар арасында БҰҰ-ның арнайы өкілі Сержио Виейра де Мелло мен БҰҰ балалар қорының өкілі Кристофер Кляйн Бекман және тағы басқа өкілдер де болды.
Сондай-ақ, 86-дан аса кісі жараланып, көбісі әлі де үйінді астынан табылуда. Оқиға болған жерде әлі де құтқару шаралары жүріп жатыр.

БҰҰ-ның Бағдадтағы өкілдігінде сейсенбі күні орын алған үлкен жарылыстан қаза болғандар ішінде БҰҰ-ның Ирақтағы арнайы өкілі Сержио Виейра де Мелло бастаған БҰҰ-ның бірнеше өкілі бар. Бағдадтың батыс жағында болған бұл жарылыс БҰҰ-ның көптеген агенттіктер үшін жалдап отырған Кэнэл қонақ үйін күл-талқан етті.

Шабуыл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің АҚШ-тың бастауымен өзінің 300 мүшесінің Ираққа саяси және гуманитарлық көмек беру жөніндегі миссиясын мақұлдағанынан кейін орын алып отыр. Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесі Ирақты басқарудағы мәселелерді реттеу үшін Құрама Штаттар белгілеген Ирақтағы Басқару Кеңесінің құрылғанын да оң қабылдаған болатын.

Осы жарылыстың құрбаны БҰҰ-ның Бағдадтағы арнайы өкілі болған Виейра де Мелло Ирақтағы Басқару Кеңесін қатты қолдап, американдық өкілдерді Ирақтың толық егемендігін қалыптастыру үшін анықтама күнтізбегін жасауға көндіріп келген. Ол БҰҰ-ы мен Пол Бремер бастаған Ирақтағы уақытша американ әкімшілігінің тығыз жұмыс жасауы үшін екі арада жақсы қарым-қатынас орнатқан. Және бұл елдегі саяси реформаларға қатысуда БҰҰ-ның атқарар ролін кеңейтуге тырысқан. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері жарылыс болған соң бірден, Нью-Йоркте төтенше отырыстарын өткізіп, бұл шабуылды қатты сынады. БҰҰ-дағы Сирияның елшісі Файззал Мекдад ұйымның мәлімдемесін оқып, БҰҰ өзінің Ирақтағы атқарар міндетін одан әрі жалғастыра беретін болады деген.

- Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері БҰҰ-ның Ирақтағы атқарар роліне нұқсан келтіруге тырысқан бұл шабуыл ұйымның алға қойған мақсат-міндеттеріне әсер ете алмайтынын нақтылады. Және Кеңес мүшелері бірлесіп осындай шабуылдарға қарсы тұра алады әрі ирақтықтар үшін бейбіт өмір қалыптастырып елде тұрақтылық орнатуға көмектеседі.

Бір апта бұрын осындай үлкен шабуыл Бағдадтағы Иордания елшілігінде болған. Ирақ полициясын қайта қалаптастыруға көмектесіп жатқан американдық әскери сарапшы Бернард Кериктің журналистерге айтқанындай, шабуыл жасаушылар Ирақты қайта құруға кері әсерін тигізе алмайды деген.

- Бұл адамдар жақсы өзгерісті қаламайтындар болуы мүмкін. Сіздер білесіздер ме, бұлар одақтас күштерге қарсыласып келе жатқан сол бір адамдар. Олар білуі керек, біз кетпейміз, одақтастар да кетпейді. Мұнымен коалицияны немесе БҰҰ-ын қорқыта алмайды.

Қауіпсіздік кеңесіндегі мұсылман елінің екінші бірі- Пәкістан елшісі Манир Акрам, БҰҰ өзінің Ирақтағы міндеттерін түсіндіретін жақсы жұмыс жасауы қажет деп айтқан.

- Әрине біз, БҰҰ-ның қызметкерлері үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауымыз керек. Дегенмен, сонымен бірге мен ирақтықтарды БҰҰ-ның бұл елдегі мақсаты олардың мүддесіне екеніне, оларға әлеуметтік жағдай жасап, жақсы өмір сүруге көмектесу тұрғысында екеніне көздерін жеткізу үшін күш салуымыз керек деп ойлаймын.

Құрама Штаттар Ирақта бейбіт ахуал қалыптастыру мақсатындағы көп ұлтты бітімгершілік күштеріне Пәкістанның да өз үлесін қосуын сұрады. Пәкістан Үндістан мен Франция және басқада елдер сияқты, жасақтарды коалициялық күшейту үшін алдымен Қауіпсіздік кеңесінің шешімін алуға шақырған болатын. Сондай-ақ, Ираққа соғыс ашуға қарсы болған елдерде соғыстан кейінгі Ирақты қайта құруда БҰҰ-ы басты ролді алуы керек деген еді. Ал, тамыздың 20 күні, Стокгольмде жүрген БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан бұл шабуылға қарамастан, БҰҰ-ы Ирақтағы өз міндетін әрі қарай жалғастыра беретін болады деп мәлімдеді. Ол сонымен қатар, бұл шабуылды айыптап, БҰҰ-на ғана емес ирақтықтарға да жасалған бұл шабуыл мағынасыз және хайуандық әрекет деп атады.

- Біз бұл жауыздық шабуылға алаңдап, оған берілмеуіміз керек. Біздің әріптестерімізді өлтіргендер қылмыс жасады. Ол бізге ғана жасалған жауыздық емес, сол сияқты тікелей Ирақтың өзіне де жасалған жауыздық.

Кофи Аннан сонымен бірге, жарылыстан қаза болғандары еске алып, олар біздің жарқын да жақсыларымыз деді.