Орта Азия елдері құс тұмауы дертінен сақтану шараларын қолға алды ма?

Қытай мен Түркия құс тұмауы дертіне қарсы күресіп жатқан тұста бұл екі ел арасында жатқан елдердегі жағдай нешік деген сауал туындап отыр. Орта Азия елдері құс тұмауы дертінен сақтану шараларын қолға алды ма?
Сейсенбі күні Тәжікістан Түркиядан құс етінің әкелінуіне толық тиым салды. Бұл Түркияда құс тұмауы тарап отырған тұста дереу қолға алынар алғашқы шара десек те, Орта Азия үкіметтері тарабынан бұл жалғыз ғ ана мұндай шектеу шарасы іспетті.

Орта Азиядағы халықтың үштен екісіне жуығы ауылды жерлерде тұрады. Азия мен Еуропада шыққан құс тұмауы мысалдары алғашында дәл осындай ауылды мекендерде түс берген. Мұны Аңқарада сөйлеген сөзінде Әлемдік Денсаулық Сақтау ұйымының Түркиядағы уәкілі Гюнэл Родиер атап өтті:

«Ауылды жерлерде Түркияға ұқсас жағдайы бар аймақтағы кез келген елде бұл дерт хайуанаттар арасында да, адамдар арасында да тарауы мүмкін, соған сай бұл тұрғыдағы бақылау шараларын күшейткен дұрыс болар еді және құстар арасында дерттің тарамауына қажет шараларды да жүзеге асырған абзал».

Әлемдік Денсаулық Сақтау ұйымының мамандары құс тұмауының таралуына шектеу қоюдың ең дұрыс жолы дертті алғаш байқалғанынан анықтау және ол жерді дереу оқшауландыру екенін ескертіп келеді. Әлбетте, бұл сол ауылды жерде тұратын халық құс тұмауы дертінің не екенін білуі керек, оның белгілерін айыра алатын болуы керек дегенді білдірсе керек.

Түркменістанда үкімет қарапайым халыққа құс тұмауы дерті жөнінде тиесілі хабарды жеткізбей отырғанға ұқсайды. Азаттық радиосының Түркменістандағы тілшісі былай деп хабарлауда:

«Кей адамдар үй құстарының өлгенін, оның не себепті болғанын білмейтінін және сол сияқты ауру белгілерін танытқан құстарды дереу бауыздап жегенін айтып отыр».

Мамандардың айтуынша, құс тұмауы жақсылап қайнатылған құс еті мен жұмыртқадан жұқпайды. Алайда, індетке шалдыққан құсты ұстау арқылы, яки өлген құсты ұстау арқылы бұл дертті жұқтыруға болады. Түркменістанда радио мен теледидар құс тұмауы жөнінде ешқандай хабар бермей отыр, соған сай қарапайым халықтың кем де кемі құс тұмауы дертінің не екенін білетін болса керек.

Қырғызстанда жұрт құс тұмауының не екенін біледі. Алайда, ел үкіметінің бұл тұрғыдағы сақтық шараларын қаншалықты қолға алғанынан хабары шамалы. Бішкектегі тілшіміз әңгімеге тартқан қарапайым жұрт құс тұмауының қауіпті дерт екенін ғана білетінін айтқан.

Қырғызстан Малдәрігерлік бақылау агенттігінің жетекшісі Талант Ұзақбаев шет мемлекеттердің бұл тұрғыда Қырғыз еліне көмектесіп отырғанын, алайда үкімет тарапынан бұл мақсатта ешқандай қаржы бөлінбей отырғанын айтады.

Сейсенбі күнгі хабарларында Қырғызстанның "Қабар" ақпарат агенттігі Түркияда құс тұмауы дертінің кең тарап отырғаны жөнінде хабарлай отырып, Қырғызстанның бұл тұрғыда қандай шараларды қолға алып отырғаны жөнінде ештеңе айтпады. Қырғыз үкіметі Түркияда оқуда жүрген жастарымен байланыс құрылғанын, оларға құс тұмауына байланысты ескертулердің айтылғанын хабарлаумен шектелді.

Өткен жылдың күзінде Ресейде құс тұмауы шыққан кезде Қазақстанның Ресеймен көршілес аймақтарында дабыл қағылған болатын. Бірнеше адам ауруханаға жеткізіліп, кей ауылдарда карантин жарияланды. Алайда, содан беріде бұл аймақтардағы жағдай жөнінде ешқандай ресми хабар тарамады.

Өзбекістаннан келіп жатқан хабарлар толық болмай отыр. Алайда, елдегі кей шет елдік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, негізгі әуе бекеттері мен шекара бекеттерінде кедендік бақылау күшейтілген. Самарқандтан Тәшкентке апарар тасжол бойындағы полицияға көліктерді тексеру қажеттігі жөнінде, әсіресе құс пен жұмыртқа өнімдерін өткізбеу жөнінде бұйрық берілген.

Десе де, Орта Азия елдерінде құс тұмауына байланысты халыққа кеңірек мәлімет жеткізетін, бұл індеттен сақтану амалдары қандай, дерттің тарамауы үшін не істеу қажеттігін түсіндіретін ешқандай ақпараттық науқан атымен жоқ болып отыр.