Әкімшіл-әміршіл билік жүйесі бар елдерде іскерлікпен айналысатын Батыс компаниялары демократиялық құндылықтардан бас тартуы тиіс пе?

Интернетте қызмет көрсететін Google компаниясының цензура мәселесінде Қытай үкіметімен ынтымақтастыққа баруына орай туындаған жанжал жалғасып отыр. Өткен айда Қытай үшін интернеттегі ізденіс жүйесін орнатқанда Google компаниясы Қытай ресми орындары жарамсыз деп табатын кей материалдарды интернетте көрсетпеуге келіскен тұғын. Осы аптада Американ Конгресінде осы мәселеге байланысты өтетін тыңдауларға аталмыш компания өкілдері шақырылып отыр. Қалыптасып отырған жағдай әкімшіл-әміршіл билік жүйесі бар елдерде іскерлікпен айналысқысы келетін Батыс компанияларының алдынан шығатын басты проблеманы айқын көрсетіп отыр.
Google компаниясының саясат мәселелері бойынша бас кеңесшісі Эндрю МакЛалин Google жүйесі арқылы "интернеттегі ізденіс нәтижелерін сүзгіден өткізіп барып ұсыну компанияның саясатына орай ымыра болып отыр". Алайда ол "әлемдегі тұрғындардың бестен бірін құрап отырған халыққа Google ізденіс жүйесін мүлде ұсынбау одан да сорақы болар еді", - дейді.

Google компаниясы ең болмағанда өз тұтынушыларына шынан айтады, деп қосады ол. Тибет мәселесі, яки адам құқықтарына қатысты кей материалдар интернетте көрсетілмеген жағдайда, интернетті пайдаланушыға кей материалдардың көрсетілмей отырғаны анық білдіріледі, дейді компания өкілі.

Google Қытайдағы цензура талаптарына мойынсұнып отырған жалғыз Батыс компаниясы емес. Бұл тұрғыда, Google-дың бақталасы боп табылатын Yahoo да сынға ілініп отыр. Yahoo-дың Қытай ресми орындарына берген мәліметтері кемінде бір Қытай диссидентінің абақтыға түсуіне себеп болды. Microsoft компаниясы да саяси мәселелерді көтерген бір интернет блогын жабуға мәжбүр болған.

Жалпы алғанда бұл жағдай әкімшіл-әміршіл билік жүйесі бар елдерде іскерлікпен айналысқысы келетін Батыс компанияларының алдынан шығатын басты проблеманы айқын көрсетіп отыр.

Қытайдағы адам құқықтары деп аталатын американдық ұйымның жетекшісі Шарон Хом бұл тұрғыда мынандай пікірін білдіреді:

"Алып, әрі өте түсімді Қытай базарына ену жолында шетелдік компаниялар мұндағы онсыз да өте қатаң бақылау-қадағалау жүйесін одан әрмен қатайтуға өз үлесін қосып отыр".

Алайда, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Олардың айтуынша, мұндай елдерде демократиялық құндылықтарды толық көлемде жүзеге асыра алмайтындығын көрсету арқылы шетелдік компаниялар сондағы адам құқықтары іспетті шешімі әлі табылмаған күрделі мәселелерге әлем назарын аударта алады.