Қытай Ұлттық Халықтық Конгресі өз жұмысын бастады

Жексенбі күні Бежіңде жыл сайын өтетін Қытай Ұлттық Халықтық Конгресі өз жұмысын бастады. Жиынды Қытай үкімет басы Уэн Жиабао ашып сөз сөйледі. Өз сөзінде ол әлеуметтік теңсіздікті ауыздықтау және ауылды жерлерде тұратын 800 млн халықтың жағдайын жақсарту қажеттігі жөнінде сөз қозғады. Қытай үкіметбасының сөзімен айтқанда "жаңа социалистік ауылды" дамыту ісіне үкімет 2006 жылы 42 млрд доллар бөлетін болды.
Қытай Ұлттық Халықтық Конгресіне қатысып отырған үш мыңға тарта делегат үкіметбасы Уэн Жиабаоның сөздерін мұқият тыңдап, ду қол шапалақтаумен болды.

Үкіметбасы Уэн Жиабао Қытайдың болашағы жарқын деді. Оның сөзінше, ел экономикасы биылғы жылы 8 пайызға өспек, ал алдағы 4 жылда экономика орта есеппен жыл сайын жеті жарым пайызға өсіп отыратын болады. Бұл тұрғыда үкімет басы ауылды жерлерді дамытуға қосымша қаражат бөлу жөнінде уәде етті

"Экономикадағы нәтижелерді көріп отырмыз, енді экономика мен әлеуметтік өмірде қандай қиындықтар бар екенін де анық байқауымыз керек. Ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған кей проблемаларды түбегейлі түрде шешуіміз қажет. Сондай-ақ, жаңадан пайда болған проблемаларды да назардан тыс қалдырмауымыз абзал", - деді Қытай үкіметбасы Уэн Жиабао.

Aуылды дамыту ісіне бөлінетін 42 млрд доллар қаражат, үкіметбасының сөзімен айтқанда "негізгі тарихи міндет боп тұрған жаңа социалистік ауылды гүлдендіруге" жұмсалмақ. Ауылға ерекше көңіл бөлу Қытай экономикалық саясатындағы ең үлкен өзгеріс болмақ деп атап өтті Қытай үкіметбасы Уэн Жиабао:

"Инвестицияларды ауылды жерлердің инфрақұрылымын дамытуға қарай бұру қажет, бұл үлкен өзгеріс", - деді Қытай үкіметбасы Уэн Жиабао.

Екі сағаттан астам уақыт баяндама жасаған Қытай үкіметбасы Уэн Жиабао, сондай-ақ, Тайван мәселесін де сөз етті.

Жыл сайын өтетін Қытай Ұлттық Халықтық Конгресінің жұмысы он күнге ұласпақ.