Иран мен Европа Одағы: Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер одан әрі жалғасуда.

Иранның ядролық мәселелер бойынша келіссөздердегі басты уәкілі Әли Лариджани мен Евроодақтың сыртқы саясат мәселелері бойынша басшысы Хавьер Солана жексенбі күні Австрия астанасы Веннада келіссөздерін одан әрі жалғастырды. Сенбі күнгі келіссөздердің алғашқы күнін олар "байсалды болды" деп бағалаған. Келіссөздер ресми Тегеранның ядролық бағдарламасына байланысты Б.Ұ.Ұ. тарапынан салынуы мүмкін шектеу шараларын тоқтату амалдарына қатысты болып отыр.
Б.Ұ.Ұ.-ның "Алтылық Тобы" атанған Америка, Британия, Германия, Қытай, Ресей және Франция Иранға ынталандыру ұсыныстарын жасағаны рас. Иран ресми орындары бұл соңғы ұсынысты “мұқият қарастыратынын” да хабарлаған еді. Алайда, Иранның бұл ұсынысқа берген соңғы жауабы тым бұлыңғыр еді. Веннадағы келіссөздер барысында Евроодақтың сыртқы саясат мәселелері бойынша басшысы Хавьер Солана Иранның сол 21-беттік жауабын нақтылай түсуін сұраған. Хабарларға қарағанда, Иранның ядролық мәселелер бойынша келіссөздердегі басты уәкілі Әли Лариджани Веннадағы бұл жолғы келіссөздерге үлкен үміт артатындығын мәлімдепті.

Алайда, Б.Ұ.Ұ. Иранға уранды байытуға орай қойған шектеулі мерзімі өткен айдың соңында аяқталған кезде Иран жетекшілігінің уран байыту шараларын тоқтатпайтынды туралы мәлімдеме жасағаны да көпшіліктің есінде. Иран Президенті Махмуд Ахамадинежад өз елінің халықаралық қауымдастықтың қысымына көнбейтіндігін, уран байыту шарасын Иран өзінің заңды құқығы деп білетіндігін мәлімдеген.

Ресми Вашингтон Иранға қарсы Б.Ұ.Ұ. шектеу шараларын мүмкін болғанынға тез арада енгізу қажет деп есептейді.

Жұма күні Берлинде Германия, Британия, Франция және Қытай мен Ресей дипломаттарымен болған кездесуден кейін А.Қ.Ш. Мемлекеттік Хатшысының орынбасары Николас Бернс былай деп мәлімдеді:

"Ирандықтар уран байыту бағдарламасынан бас тартатындығын айтпай отыр, осы орайда өзіміз жасаған ескертулерді басшылыққа ала отарап Б.Ұ.Ұ. Қауіпсіздік Кеңесінде Иранға қарсы шектеу шараларын қолға алуымыз тиіс."

Бернстың айтуынша, Берлиндегі келіссөздер дүйсенбі күні де жалғаспақ. Онда Б.Ұ.Ұ. шектеулері туралы резолюцияның жобасы сөз болмақ.

Ресей мен Қытай әлі де Иранға қарсы шектеу шараларына қарсы болтындығын ашық айтып отыр. Сенбі күні Қытай Иранға қарсы қысымды күшейтуге қарсы екендігін тағы да мәлімдеді.

Ресми Тегеран байытылған уранды тек бейбіт мақсатта – қосалқы энегия көзі ретінде пайдаланғысы келетінін айтумен келеді. Алайда, ресми Вашингтонның Европадағы одақтастары Иран уранды тек реакторға ғана емес, қару жасауға да пайдалануы мүмкін деген Американың күдігіне ортақтастындығын білдіріп отыр.