Сөз бостандығын қорғаушы ұйымдар Қытайды түрмедегі журналистерді босатуға шақырады

Қытай тағы бір интернет тілшісі болған құқық қорғаушы белсендіні қатаң түрме жазасына кесті. Қазанның 16-сы күні, Гоңчжоу сотының үкімімен Гуо Тчижынға 4 жыл берілді. Ол сот шешімі ақпарат өкілдерінің құқын қорғаушы топтардың өткір сынына тап болып, оны әлемдік экономикада ықпалы күшейген Қытайға лайықсыз “абсурд” деп атады.
Гуо Тчижынға Қытай жетекшілері мен олардың саясатын сынаған мақаласын екі шетелдік интернет парақшасында жариялағаны үшін арандатушылық жасады деген қылмыстық айып тағылған. Оның Қытай үкіметіне қатысты көзқарасы ашық болған. Интернетке шыққан бір мақаласында ол, қытайлықтарға “ызғарлы режимнің азалы үнін” ескерткен. Ал, басқа мақалаларында үкіметті “зұлым-аутократ” деп атап, қауымдастықтың бір бөлігінде ғана дәулетті жағдай құрып, Қытайдағы қалған аймақтардың кедейлікте қалып отырғанын сынға алған. Гуоның адвокаты Ли Щияңчияң сот үкімі шыққан соң, шетелдік журналистерге, Гуоның айтқандары оның Қытай конституциясына сәйкес құқық шеңберінде болды деген.

Бұл сот үкіміне қатысты халықаралық ұйым пікірлері дереу айтылды. Париждегі баспасөз еркіндігін қорғаушы “Шекарасыз Репортерлер” тобы интернетке келгенде, Қытайдың сөз бостандығын ең қатты басып отырған ел екенін айтқан. Осы топтың Қытай бойынша сарапшысы Жулье Пайн «Азаттық» радиосына айтқанында, басқа ешбір ел Бейжиннің тәсілімен интернетті бақылау астына алып отырған жоқ деген.

“Қытай әлі күнге тәуелсіз ақпарат құралдарын қабылдамайды, адамдарға өз ойларын ашық айтуға, билік жүйесін сынауға жол бермейді, сондықтан, жағдай толығымен өзгеріссіз қалып отыр. Сіз интернет арқылы қандай бағытпен болса да билікті сынға алуға тырыссаңыз, сізді ұстап, түрмеге жабады”.

Сөйтіп, Жулье Пайн Қытайдың қазіргі президенті Ху Дзиньтауоға көңілі толмайтынын жеткізіп, одан көпшіліктің оның алдандағы президент Дзяң Дзыминге қарағанда бірқалыпты саясат ұстана ма деген үміт күткенін алға тартады. Бірақ, олай болмай шыққанына тоқталған Пайн, ендігі кезекте экономикасы өркендеп, әлемде көп бизнесс жасап жатқан Қытайға халықаралық сындар жетпейді деген тұрғыда алаңдаушылық туып отырғанын айтады.

“Экономикасы және технологиясымен Қытай алға жылжып барады. Оның өркендей түсетініне күмән жоқ. Сол себепті халықаралық дипломаттар іс жүзінде Қытайдың режимін сынай алмайды, бірақ, елдің саяси және ішкі жағдайы өзгермей қала береді, бұл өте үлкен алаңдаушылық тудырады”.

Тағы бір ақпарат өкілдерінің құқын қорғау мекемесі, Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті де Қытайдағы жағдайдың қолайсыз болып отырғанын айтады. Бұл ұйымның атап көрсетуінше, күн сайын 100 млн қытайлық ғаламдық қауымдастықтың бүгінгі заман азаматы ретінде әр тақырыпта өз пікірлерін айтып жатады, бірақ, журналист Гуо мен тағы басқа ондаған адам үкіметті сөзбен сынағаны үшін абақтыға жабылады. Журналистерді қорғау комитетінің өкілі Кристин Джоунс бұл тұрғыда Қытай ескірген көзқарасты ұстанып отыр деген.

“Бұл жағдайларды қазіргі заманғы елдің азаматтары айта алуы керек, сынағаны үшін төрт жылға түрмеге жабу миға сыймайтын жағдай”.

Сол сияқты ақпарат өкілдерінің құқын қорғаушы тағы екі ұйым, Қытай үкіметінің Гуо мен тағы басқа баспасөз қызметкерлерін соттауына қарсылық танытты.

Парижде орналасқан екі бірдей журналистер құқын қорғаушы ұйым, Қытай премьер министрі Уын Щиабаоның атына хат жолдап, Қытайды абақтыдағы барлық журналисті босатып, баспасөз еркіндігі жөніндегі барлық халықаралық талаптарды орындауға шақырған.

Шекарасыз репортерлер ұйымының айтуынша, Қытайда қазір 30-дан аса журналист қамауда отыр, сөйтіп, бұл көрсеткіш Қытайды ақпарат өкілдерін түрмеге жапқан әлемдегі елдер арасында ең бірінші орынға қойып отыр.