АҚШ-тың вице президенті Ауғаныстандағы Бағрам әуе базасында болғанда жанкештілік шабуыл болды.

Бүгін таңертең Ауғаныстандағы шетелдік күштердің басты орталығы болып табылатын Бағрам әуе базасына жанкештілік шабуыл жасалды. АҚШ вице президенті Дик Ченейдің сапары кезінде орын алған бұл шабуылдың салдарлары туралы әзірге әртүрлі мәліметтер айтылып жатыр.
Бүгін таңертең талибан жасағы деп күдіктелген бір жауынгер бомба қойылған көлігін Бағрам әуебазасының қақпасы алдында жарып жіберді. Бұл жерге дүйсенбі күні келген Құрама Штаттар вице президенті Дик Ченей шабуыл орын алғанда әлі сонда болған. Ченейдің өкілінің хабарлауынша, вице президент жарылыстан алшақ жерде болғандықтан қауіптен аман қалған. Одан кейін көп ұзамай Дик Ченей Бағрамнан 60 шақырымдай жердегі Қабул қаласында Ауған президенті Хамид Қарзаймен кездесті.

Шабуылдың зардаптары туралы ол жерде әзірге әртүрлі хабарлар айтылып жатыр. НАТО бастаған халықаралық қауіпсіздік күштерінің өкілі Анжела Биллингстің «Азаттыққа» айтқанындай, жергілікті уақытпен 10.30-да орын алған жанкештілік шабуылдан бірнеше ауған мен әскери қызметкерлер қаза тапқан.

«Алдыңғы хабарларға қарағанда, жарылыстан жанкештіні қосқанда барлығы 4 адам қаза болды. Шабуылдан шамамен 23 адам жарақат алып, Бағрам медициналық орталығында ем алып жатыр. Олардың жарақаты туралы ақпараттар қазіргі уақытта белгісіз болып отыр».

Бұл арада АҚШ әскерилері қаза тапқандар арасында кемінде американдық бір әскери мен Ауған ұлттық армиясының бір сарбазы болды деп хабарлап отыр.

Бірақ, Парван провинциясы басшысының орынбасары Басир Салангай, «Азаттыққа» берген сұхбатында ауғандық ресмилер тағы қалған 20 адамның қазасы туралы анықтап отыр деген.

«20 адамның қаза тауып, 5 адам жараланғаны туралы 100 процент анық болып отыр. Табылған тағы бір дене жанкештілік шабуыл жасаған адамның мәйіті сияқты. Олардың пікірінше, ол ауғандық болып шыққан».

Жарылыс ауған жұмыскерлері мен көлік жүргізушілерінің Бағрамдағы әскери құрылымға кіре берісіндегі бірінші бақылау бекетінде орын алды. Ол Бағрамдағы Дик Ченей тоқтаған орыннан бірнеше шақырым, яғни үш бақылау бекетін өтетіндей алыс жерде болды.

Шабуыл бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ауған полицейі Мехран Ханның сөзіне қарағанда, жарылыс жасаушы өзінің көлігін бірінші бақылау бекетінен алыс емес қақпаға кіре берісте жарған.

«Бомбашы қалайда қақпа арқылы базаға кірген. Ол өзімен қоса, 18 адамды өлтірді. Ол жергілікті уақытпен 10.15-те орын алды. Мен бір шеттен жанкештінің денесі мен оның жанында жатқан жарылғыш заттарды көрдім».

Негізі, 2001 жылы Ауғаныстандағы АҚШ күштерінің әуе база орталығын Бағрамда жасағаннан кейін оның қақпасының сыртына ауған базарлары толып кеткен.

Ауған балаларының көбі мұнда күн сайын қақпа маңына жиналып, қауіпсіздік бекетінен өту үшін көлік кезегін күтіп тұрғандар мен әскерлерден, мердігер немесе журналистерден қайыр-садақа сұрап жүреді.

Салагайдың сөзіне қарағанда, сол себепті де бүгінгі шабуылдан көптеген ауғандық бейбіт тұрғын қаза болып, бірнешеуі жараланды.

«Ол қақпаның алдында болды. Жарылыс орын алғанда, барлық адам оған жақын тұрған. Сондықтан әлбетте ол жерде көп адам жараланып, қаза болды».

Батыстық ақпарат агенттері, Талибан өкілімін деген Қари Юсеф Ахмадидің сөзін келтіріп, шабуылды Талибандар жасады деп хабарлап жатыр. Тағы бір талибан өкілі Муллах Хаят Хан, бомбалаушы әуе базада Ченейдің болғанын білген және АҚШ-тың вице президентін нысанаға алғысы келді деп айтып жатыр.