Түркия мен Иран энергия мәселесіне қатысты келісім жасады

Шамамен 30 миллиард текше метр газды Европаға қарай тасымалдау туралы Түркия мен Иран арасындағы келісім дауға қалып отыр. Иран мен Түркмен газын тасымалдау жөніндегі келісім АҚШ тарапынан сынға алынды. Мәлім болғанындай, Вашингтон қазір Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Теһранды оқшаулауға тырысып жатыр. Алайда Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған келісімге байланысты сынды жоққа шығарып, Анкара өз мүддесін бірінші орынға қояды деп мәлімдеді.
Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі даулы мәселе мен Теһран Ирақты тұрақсыздандыруға әрекет етуде деген айыптарға қарамастан, Түркия Иранмен арадағы энергетикалық қарым-қатынастарын кеңейтуге өте тырысып жатқан тәрізді.

Өткен аптада екі ел энергетикалық мәселеге қатысты алдын-ала келісім жасады. Оған сәйкес, Иран жыл сайын Түркияға 30 миллиард текше метр газ жеткізіп тұратын болады. Түркия ол газдың қажет көлемін өзі үшін пайдаланады немесе оны энергия көздеріне мұқтаж болып отырған Европаға сататын болады. Түркия мен Иран арасындағы келісімге сәйкес, Иран мен Түркменстан кен орындарынан алынған газды тасымалдау үшін Түркия жерінде екі жеке құбыр салу көзделіп отыр.

Түркияның энергетикалық мәселесі бойынша министрі Хилми Гулердің айтуынша, Түркия транзит жолынан басқа көбірек роль атқарғысы келеді, яғни ол Европада газ сататын бірлескен кәсіпорын құруды мақсат етіп отыр.

Алдын-ала жасалған келісім Вашингтон тарапынан сынға алынды. Вашингтон қазір Иранның ядролық бағдарламасы мен Ирақ мәселесіне байланысты Теһранды оқшаулауға тырысуда. АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз-хатшысы Шон МакКормак Иран мен НАТО одақтасы болып табылатын Түркияның арасында энергетикалық қарым-қатынастардың дамуын Вашингтонның қоштамайтынын білдірді.

“Дәл осы уақытта Иранмен келісім жасағысы келе ме, жоқ па, ол Түркия үкіметі мен Түркиялық ұйымдарға байланысты. Егер сіз “осы уақытта Иранның мұнай және газ секторына инвестиция салынуы дұрыс па?” деген сұраққа біздің пікірімізді білгіңіз келсе, жоқ, біз олай деп ойламаймыз”, - деді МакКормак.

АҚШ Конгресі қазір Иранның мұнай-газ саласына 20 миллион доллардан астам қаржы салатын шетел компанияларына санкция енгізуге АҚШ үкіметін мәжбүр ететін заң жобасын қарастырып жатыр.

Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған Шон МакКормактың мәлімдемесіне өткір жауап қайтарды. Иранның ұсынысы “тартымды”, Анкара өз мүдделерін көздегенде АҚШ “рұқсатына” мұқтаж емес деп мәлімдеді Ердоған. Билкент университетіндегі Түркияның сыртқы саясат жөніндегі институтының саяси талдаушы Сейфи Ташан Түркия энергетикалық ұсыныстан бас тартатындай жағдайда емес деп атап көрсетті.

“Энергия Түркия үшін өте маңызды. Себебі, бізде нақты энергия ресурстарымыз жоқ, сондықтан біз импортқа сүйенеміз. Біз мына ел емес, басқа елдің энергиясын аламыз деп таңдайтындай жағдайда емеспіз деп ойлаймын. Біз газды энергиямен қамтамасыз ететін кез келген елден сатып аламыз”, - дейді Ташан.

Бірақ бұл тұрғыда басқа да геостратегиялық пайымдаулар бар ма?

АҚШ-та орналасқан Стратфор ақпарат тобы иә, ондай болжамдар бар дейді. Түркия 140 мың әскерін Ирақтың солтүстігімен арадағы шекараға орналастырған. Олар Күрдістан Жұмысшылар партиясының Түркиялық күрд соғысушыларына жаппай шабуыл жасауға дайын тұр.

Анкара осы партияны Түркиядағы лаңкестік шабуылдарға қатысы бар деп айыптайды. Сол үшін Түркия осы қозғалысты Ирақтың солтүстігіндегі базаларынан жойғысы келеді. Алайда, Америка Құрама Штаттары Ирақтағы саяси жағдайды одан сайын нашарлатып жібересіңдер деп, әскери шабуылдарға қарсы Түркияға ескерту жасады.

Стратфор тобы осы Күрдістан Жұмысшылар партиясы мәселесі мен Түркияның Иранмен жақынырақ қарым-қатынас құруға әрекет етіп жатқаны арасында байланыс бар дейді. Аталған топтың пікірінше, “Түркия Вашингтонға қысым жасайтындай бірнеше жолымыз бар деп АҚШ-қа саяси хабар беруде”.

Демек, Түркия Ираннан алыстау болуы үшін Вашингтон Күрдістан Жұмысшылар партиясының солтүстік Ирақтағы әрекеттерін қатты бақылауға тиіс болады, дейді Стратфор тобы.