"Қожайынға бар". Шаған өзені үшін кәсіпкермен тартысқан тұрғындар Жоғарғы сотқа дейін жетті

Саяжай халқының өзенге барар жолын жауып тұрған демалыс орны. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 20 қыркүйек 2022 жыл.

Оралдағы саяжай тұрғындары өзен аңғарындағы ағаштарды кесіп, жағалауды қоршап алған жергілікті кәсіпкермен дауласып жүр. Белсенділер Жоғарғы сотқа дейін жеткен. Сот өзен аңғарындағы жер заңсыз жекешелендірілгенін анықтаған. Бірақ сот шешімі орындалған жоқ.

Желтоқсан аяқталуға таяу қалса да, Оралға әлі қар түскен жоқ. Соған қарамастан, Set Seil Park демалыс орны қала тұрғындарын қыс мезгілінде көңіл көтеріп, қонақ болып қайтуға шақырады. Мұнысы "Мичуринск" және "Объединенный" саяжай қоғамында тұратын жұртқа жақпайды. Олар екі жылдан бері осы демалыс орнының қожайыны, City Centre сауда орталығы мен ТДК-42 арнасына иелік ететін кәсіпкер Серік Мерғалиевпен соттасып жүр.

2019 жылы Мерғалиев жергілікті әкімдікке екі бірдей инвестициялық жоба ұсынған. Бірі – тұқы балық өсіріп, аулау, екіншісі – бекіре тұқымдас балық өсіретін су айдынын салу. Шенеуніктер қос жобаны да мақұлдап, кәсіпкерге балық өсіруге қала іргесіндегі "Самал" деп аталатын қымбат ауданнан жер берген. Бұл – Шаған өзені жағасындағы көрікті жер. Осы маңда Қазақстан президенті мен облыс әкімінің резиденциясы орналасқан.

Жерді рәсімдеп, уақытша пайдалануға алу үшін кәсіпкер "Ақжайық" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшартқа отырған. Инвестициялық жобаға бөлген жерді әкімдік корпорацияға, олар кәсіпкерге берген.

"ЖАЙ ҒАНА ЖАҒАЛАУ МЕН ЖОЛ"

Осы аудандағы Шаған өзені (Жайыққа құяды) жағалауы енді қоғамдық орын емес дегенді саяжай тұрғындары екі жыл бұрын естіген. Кәсіпкер сол кезде өзен жағасындағы ағаштарды кесіп тастауға бұйрық берген.

– Мына жерде үлкен орман болған. "ӨЖК Серік" (Серік Мерғалиевқа тиесілі ЖШС) ағаштарды түгелдей отады. Ағаштардың жасын анықтау мүмкін емес, бірақ олар бұл жерде кемі елу жылдан бері өсіп тұрған. Өзен жағасына құм төсеп, жекеменшік жағалау жасап алды. Бір гектардан астам орман бар еді, – дейді "Мичуринское" бау-бақша қоғамының басқарма мүшесі Сергей Горбунов.

Кәсіпкердің пәрменімен ағаштарды алғаш рет 2019 жылдың аяғында кескен. "Объединенный" саяжай қоғамында тұратын Галина Осетрованың жері өзен жағасында орналасқан. Енді зейнеткердің үйі өзенге емес, демалыс орнының қоршауына қарап тұрады.

Галина Осетрова кәсіпкер Серік Мерғалиев балық өсіргісі келетін жерді көрсетіп тұр. Орал, 2022 жылдың желтоқсаны.

– Ағаш кесе бастағанда саяжай қоғамында тұратын жұрт жиналып, әлгілерден "Неге кесіп жатырсыздар?" деп сұрадық. "Қожайыннан сұраңыздар, сонымен сөйлесіңіздер. Біз соның айтқанын істеп жатырмыз" деді. Жұмысшылар басында Шағанның суы көлге құйылуы үшін жол салып жатырмыз деген. Кейін бір гектардан астам орманды отап тастап, құрылыс бастады, – дейді Осетрова.

Зейнеткердің сөзінше, Серік Мерғалиев көршілерін тұқы балық өсіретін су айдыны мен халыққа жайлы жағалау ғана саламын деп сендірген. Кәсіпкер бекіре тұқымдас балықты ормандағы кішігірім көлде өсіретін болған. Қазір орман жоқ, қолдан жасалған көлшіктің айналасы қоршалып, ішіне демалуға арналған қымбат (VIP) үйлер салынған.

ӨЗЕН ОРНЫНА – ҒИМАРАТ, ЖАҒАЛАУ ОРНЫНА – ҚОРШАУ

Галина Осетрова жыл он екі ай саяжайда тұрады. Ол мұнда зейнетке шыққаннан кейін күйеуімен бірге көшіп келген. Күйеуі қайтыс болған соң өзі осында қалған. Қазір бау-бақша өсіріп, тауық ұстайды.

– Ол (Мерғалиев) менің жерімді сатып аламын деп бірнеше рет келді. Қаладан пәтер, үй де ұсынды… Бірақ күйеуімнің "көзі" деп бұл үйді сатуға қимадым, өзім тұрамын дедім, – дейді зейнеткер.

Саяжай тұрғындары жақын жерден ойын-сауық паркі ашылғанына наразы. Олар даңғаза шу мен музыка, нөпір адам мен көліктен халықтың мазасы қашқанын айтады. Галина Осетрованың жүріс-тұрысы тіпті қиындаған: енді зейнеткер автобус аялдамасына бұрынғыдай өзен жағасындағы төте жолмен бара алмайды. Өйткені демалыс орны орталық көшеге шығатын жолын жауып тастаған.

– Бұрын өзен жағасымен аялдамаға тіке шығатынмын. Кейін құрылыс басталып, жолымды жауып тастады. Енді қызметкерлердің тергеуінен өтіп, демалыс орнының ішімен ғана бара аламын, – дейді зейнеткер.

Қазір демалыс орны қыс мезгіліне дайындалып жатыр. Сондықтан бақылау-өткізу пунктіне күзет қойылған. Зейнеткер қоршауға жақындаса болды, форма киген адамдар оны қайда, не үшін барасыз деп сұрақтың астына алады. Жауап алған соң ғана өткізеді. Галина Осетрова бекіре тұқымдас балық өсіріледі деп жоспарланған көлге жақын маңдағы демалыс үйлерінің жанынан өтіп бара жатып:

– Мынау біздің көл, бұрын бұл жерде қалың орман болған, көктемде көлге су толатын. Енді оның айналасын бетонмен қоршап тастады. Көлге су бармай, тартылып қалды, – деді.

Демалыс базасы аумағындағы үй. Орал, 2022 жылдың желтоқсан айы.

Саяжайда тұратындар "ӨЖК "Серік" демалыс орнын салған кезде бірқатар заң талаптарын бұзған дейді.

– Өзен орнына "Горка" деп аталатын ғимарат салды. Шын мәнінде ол жерде үйлер, той, мереке өткізетін VIP бөлмелер, фудкорт орналасқан. Көлік көп, қалаған адам келіп-кетеді. Бәріміз саяжайда тұратын адамдармыз, парк халықтың мазасын алып отыр. "ӨЖК "Серік" ЖШС су туралы заң талабын бұзды. Жерді қайтарып алу керек, бірақ Орал әкімдігі қол қусырып қарап отыр, – дейді "Мичуринское" саяжай қоғамының тұрғыны Лариса Румянцева.

"БӘРІН СҮРІП ТАСТАП, БАСТАПҚЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРСІН"

Саяжай тұрғындары мемлекет жерді қайтарып алсын деген сөзді Жоғарғы соттың 2022 жылғы 6 қыркүйектегі шешіміне сүйеніп айтып отыр.

– Жоғарғы сотқа жүгініп, жеңіп шықтық. Сот әкімдіктің өзен жағасындағы жерді кәсіпкерге беру туралы қаулысының күшін жойды. "Әділдік бар екен, осылай күрессек, оған қол жеткізуге болады екен" деп қатты қуандық. Бірақ сот шешімінен кейін де ештеңе өзгерген жоқ. "ӨЖК Серік" ЖШС өзен жағасын босатпады, кәсіпкерден ешкім жерді қайтарып алған жоқ. Жоғарғы сот қаулыны іске асыруды әділет министрлігіне тапсырған. Одан бері төртінші айға ұласты. Қорғауға алынған су аймағына құбыр тартылып, жарық пен су жүргізілген. Қазір тағы бір ғимарат салып жатыр, іргетасын құйып, қаңқасын тұрғызып қойған. Құрылыс тоқтаған жоқ, – дейді Румянцева.

Жыл басында тұрғындар сот арқылы қоршау мен бақылау-өткізу пунктін бұздырып, өзен жағасына еркін өтуге рұқсат алған. Бірақ сол шешімнің өзі толық орындалған жоқ деп шағынды олар.

– Ол (демалыс орнының иесі) қоршау мен шлагбаумды ғана алып тастады, бақылау-өткізу пункті сол күйі қалды. Шлагбаумды алып тастағанымен, кешке қақпа орнатып қояды. Өзенге әлі де еркін өте алмаймыз. Жағалауда күзетшілер тұрады: күндіз өзенге барсақ, сұрақ қойып, мазамызды алады. Күзетшілерді айналып өтейін десек, ізімізден қалмай, жағалауды пайдалануға рұқсат бермейді. Өзен жағалауы – халықтың иелігіндегі жер ғой, – дейді Лариса Румянцева.

Кәсіпкер Мерғалиев осы көлде балық өсіргісі келеді. Орал, 2022 жылдың желтоқсан айы.

Саяжай тұрғындарының ісіне Жайық-Каспий су инспекциясы да араласқан. Мемлекеттік орган кәсіпкерді құрылысты бұзып, өзен жағалауын бастапқы қалпына келтіруге міндеттеген.

– Жайық-Каспий инспекциясы тексеріс жүргізіп, өзен жағалауын бастапқы қалпына келтіруге міндеттеді. Инспекция сотқа жүгініп, жеңіп шықты. Бірінші инстанциядағы сот Жайық-Каспий инспекциясының пайдасына шешім шығарған. Судья мемлекеттік орган шешімін мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарған: оған сәйкес, құрылыс бұзылып, өзен жағалауы рекультивациядан өтіп, бұрынғы қалпына келтірілуі керек, – дейді саяжай тұрғындарының адвокаты Виталий Клёнин.

Бірақ кәсіпкер бұл шешімді де орындамай отыр. Орал әкімдігі Жоғарғы сот шешімін назарға ілмеген. Заң бойынша, кәсіпкерге пайдалануға берілген жерді жергілікті атқарушы орган қайтарып алуы керек.

– Әкімдік екі миллиард теңге төлеуден қорқып отыр (кәсіпкер жобаға осынша қаржы салғанын айтқан – ред.). Олар Жоғарғы соттан шешімді түсіндіруді сұраған. Жоғарғы сот бұл шағымда демалыс орнын сүріп тастау мәселесі қаралмағанын айтқан. Бірақ әкімдік қаулысының күші жойылса, заңға сай әрекет жасалуы керек емес пе? Олар шара қолдануға міндетті, – дейді адвокат Клёнин.

Кәсіпкердің өкілі Виталий Куликов Мерғалиевке тартып алынған жердің орнына басқа учаске берілуі керегін, оны әкімдік бөлетінін айтты.

– 2019-2020 жылдары шыққан әкімдік қаулысының күші жойылды. Жоғарғы соттың кассация алқасы шешімді жүзеге асыру тәртібін былай түсіндірді: әкімдік заң мен кәсіпкер мүддесіне сай, инвестициялық жобаға жер бөлу мәселесін қайта қарауы керек, – деді Куликов.

Лариса Румянцева демалыс базасына кіретін жерде тұр. Орал, 2022 жылдың желтоқсан айы.

"Инвестициялық" жобадан қазірдің өзінде табыс түсіп жатыр. Бірақ облысқа бұдан пайда жоқ.

– Біздің есебіміз бойынша, ол жақта (су айдындарының бірінде) шамамен 14 тонна балық болды. Балықтың бір бөлігін демалуға келгендер аулады. Өйткені демалыс орнында балық аулау қызметі бар. Көп балық ауланады. Ауланған балықты демалыс орнының қызметіне пайдаланамыз. Мемлекет алдында балықты бір жаққа өткізу немесе су айдынындағы балық санын көбейту деген міндеттеме алған жоқпыз. Балық өсіріп, оны ары қарай өзіміз қалаған мақсатта пайдаланамыз, – деді Куликов.

"ҚАЖЫДЫҚ"

"Мичуринск" және "Объединенный" саяжай қоғамының тұрғындары қыс мезгілінде демалыс орнында болатын ойын-сауық пен у-шудан шаршағанын айтады.

– Екі жаз әзер шыдадық – өзен жағалауы жын-ойнаққа айналады. Жыл бойы облыс әкімдігіне, президентке хат жазумен болдық. Қажыдық, – дейді Лариса Румянцева.

Тұрғындар әкімдік жерді мемлекет иелігіне қайтару процесін созбаққа салып отыр деп есептейді.

– Жоғарғы сот әкімдік қаулысының күшін жойды, бірақ оның шешімі орындалмай жатыр. Ешкімнің шаруасы жоқ. Қазақстанда Жоғарғы соттың күші бар ма, әлде бұл жай аты бар да, заты жоқ көп ұйымның бірі ме? Заңға қайшы әрекетке куә болған адам қайда баруы керек? Бәрі бір-біріне сілтеп отыра береді. Бізде билік бар ма? Жаңа Қазақстан қайда?! – деді "Мичуринск" бау-бақша қоғамының басқарма мүшесі Сергей Горбунов.

Айналасы қоршалған демалыс базасымен көрші саяжай. Орал, 20 қыркүйек 2022 жыл

Әкімдік бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанын алға тартып, "ӨЖК "Серік"" ЖШС қызметін тексере алмайтынын айтады. "Тексеру жүргізу үшін сол жөнінде шағым түсуі керек" деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан.

Баспасөз қызметінің жауабында "Орал қалалық жер қатынастары бөлімі "Сетсейл парк" жобасының рұқсат қағаздарын сұратты. Құжаттар көрсетілмеген соң, жер қатынастары бөлімі "Ақжайық" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын сотқа берді. Кәсіпкердің жерді дұрыс мақсатта пайдаланбауына байланысты, жасалған келісімшартты бұзып, жер телімін мемлекет иелігіне қайтаруды талап етіп отыр. Сот процесі әлі аяқталған жоқ" деп жазылған.

Орал әкімдігі Жоғарғы сот шешімімен Шаған өзені жағасындағы жер телімі Серік Мерғалиевтің жобасына қайта берілуі мүмкін деп мәлімдеді. Ол үшін "Ақжайық" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қала билігіне қайтадан өтініш беруі керек. "Әзірге ондай өтініш түспеді" деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Оралдағы 400 үлескерді әуре-сарсаңға салған жер дауыСоғыс жайлы бір ауыз сөз айтылмаған концерт. Оралда ресейлік мерекені қалай атап өтті?Ресейден мигранттар көші басталғалы бір ай. Орал қалай өзгерді?