Қырым көпірінде тағы жарылыс болды. Екі адам қаза тапқан. Жағдайдың анық-қанығы

Қырым көпірінің бүлінген тұсы. 17 шілде 2023 жыл.

17 шілде таңертең Қырым көпірінде тағы жарылыс болды. Ресей екі адамның қаза тапқанын хабарлап, жарылысқа Киевті айыптады. Украинаның әскерилері жарылысты "Ресейдің провокациясы" дейді. Жарылыс жайлы қазірге дейін не белгілі?

Ресей билігі жарылысты теракт деп атап, екі адам қаза тапқанын, 14 жастағы қыздың жараланғанын айтады. Жарылыстан соң интернетте тараған видеода көлік ішінде екі адамның мәйіті және көлік терезесінен ұшып кеткен қыздың жерде жатқаны байқалады. Ресейлік телеграм-каналдар дереккөздеріне сілтеме жасап, 40 және 36 жастағы ерлі-зайыпты қаза тапқанын, олардың қыздары жараланғанын жазды. Кейін Кубань қаласының билігі 14 жастағы қыздың жараланып, ауруханаға түскенін растады.

Интернетте тараған тағы бір видеода Қырым көпірінде бүлінген көліктерді байқауға болады. Ресейлік телеграм-каналдар көпірдің тіреуі қирағанын жазған, бірақ Ресей транспорт министрлігі көпірдегі жол бүлінгенін айтады. Желіде тараған видеолардан жолдың бір бөлігі опырылып түскенін байқауға болады.

Қырым көпіріндегі жарылыстан бүлінген жолақ. 17 шілде 2023 жыл.

Ресейдің Қырымды аннексиялап алған соң жасақтаған мемлекеттік кеңесінің "төрағасы" Владимир Константинов көпірдегі жарылысқа Украина билігін айыптап, "кек қайтарамыз" деп сес көрсетті. "Біздің қорғаныс министріміз қылмыс шешімін қабылданған орталыққа соққы жасаймыз деп уәде берді" дейді ол.

Ресейдің ұлттық антитеррор комитеті "көпірге түнгі үште Украинаның су асты дрондары шабуыл жасады" деп санайды. Ал Ресейдің тергеу комитеті "теракт" бабымен қылмыстық іс қозғады.

Ресми Киев Ресейдің айыптауына ресми түрде жауап бермеді, бірақ Украина әскерінің "Оңтүстік" әскери бөлімінің спикері Наталья Гуменюк көпірдегі жарылыс Ресейдің "провокациясы болуы мүмкін" деп мәлімдеді. Оның пайымдауынша, 17 шілдеде астық келісімі аяқталатынын, бұл келісімнің ұзару-ұзармауы белгісіз екенін еске салды.

"Астық келісімін созу мәселесі тұрғанда мұндай провокация жасау – агрессор елдің мәселені шешуде қолданатын үйреншікті амалы" дейді Гуменюк.

Ал 17 шілде түстен кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "келісім дұрыс орындалмағандықтан" Мәскеу астық келісімінен шығатынын айтты. Мамырда БҰҰ және Түркияның араласуымен тараптар астық келісіміне қол қойған. Бұл келісім Ресей және Украина басып алған украиналық порттардан бидай алып шығуға мүмкіндік берген.

"РБК-Украина" басылымы Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап, "Қырым көпіріне шабуыл су асты дронымен шабуыл жасалғанын, бұл Украина әскері мен Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясы болғанын" жазады. Киев бұл ақпаратты растаған жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Қырым көпірі: Жарылыстан кейінгі жағдай

Украинаның "Оңтүстік" ерікті әскерінің өкілі сергей Братчук Қырым көпіріне Ресейдің Украина аумағына жіберген "Шахед" дроны құлауы мүмкін дейді.

Қырым көпіріндегі жарылыстан соң Ресей тарабы Қырымға баратын бірнеше пойыз қызметі тоқтап, кейін пойыз қозғалысы қалпына келгенін хабарлады. Соғыс уақытында тараптардың мәлімдемесін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Бұл – Қырым көпіріндегі алғашқы жарылыс емес. 2022 жылы қазанда көпірде жүк көлігі жарылып, көпірдің бір бөлігі қатты зақымданған. Ресей жарылысты Украина арнаулы қызметі жасады деп мәлімдеген. Осыдан кейін іле-шала Украинаның маңызды энергетика желісіне ракетамен шабуыл жасаған.

Ресей Қырым түбегін 2014 жылы аннексиялап алған. Украина мен БҰҰ Мәскеудің бұл әрекетін мойындамайды. Украина билігі Қырымды қайтарып алу жайлы бірнеше рет мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин Қырым көпіріндегі жарылысқа Украинаны айыптады, Киев мойнына алған жоқҚырым түбегі Қазақстанның көпвекторлы саясатына сын болдыҚазақстанды айналып өткен "Қырым көпірі"