Алматы тергеу соты референдум қарсаңында ұсталған бірнеше белсендіні екі айға қамады

Белсенділерді қолдап, Алматы қаласының полиция департаменті алдына жиналған адамдар. Алматы, 29 қыркүйек 2024 жыл.

Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық тергеу соты АЭС референдумы қарсаңында "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" (272-бап 1-бөлігі) деп күдікке ілінген кемінде бес белсендіні екі айға қамады. Бұлар: Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыдықов және Айдар Мүбәраков.

Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаттар Төлеген Берліқожа және Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

– Сот кеше түнде өтті. 8-де басталып, түнгі шамамен 11-ге жуық аяқталды. WhatsApp арқылы өтті. Прокурор біз қорғап отырған азаматтарды қамауға алу керектігін, олардың тергеу процесіне кедергі жасауы мүмкін екенін айтты. Ал біз "олар қалай кедергі жасайды" деп қарсы болдық. Оларды денсаулық жағдайына байланысты қамамасын дедік. Бірақ сот өтінішті ескерген жоқ, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов 2 қазанда Азаттыққа.

Тағы бір белсендіні екі айға қамағаны жөнінде ақпарат шықты, бірақ оның аты-жөні белгісіз, адвокаты немесе туыстары да табылмай отыр.

Белсенді Абзал Достияровтың айтуынша, екі айға қамалғандардың үшеуі (Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыдықов) 60-тан асқан. 54 жастағы Нұрлан Темірғалиевтің денсаулығы нашарлап, емделіп жүрген.

Ақпаратқа қарағанда, аталған белсенділер АЭС референдумы қарсаңында "жиналып, тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген күдікке ілінген. Адвокат Ғалым Нұрпейісов "бұл таза саяси іс деп санаймын" деді.

Қазақстанда АЭС референдумы қарсаңында оннан астам белсенді ұсталған.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында референдум қарсаңында ұсталған азаматтардың тізімін жасаған. Онда 17 адамның аты-жөні бар. Жазбаға комментарий қалдырған кейбір қолданушылар ұстаулар әлі жалғасып жатқанын жазды.

Алматы қалалық полиция департаменті әзірге жауап берген жоқ. Бұған дейін департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ұсталған белсенділерге байланысты ақпаратты анықтап беретінін айтқан, алайда әзірге одан жауап алу мүмкін болмай тұр. 2 қазанда Азаттық Салтанат Әзірбекке тағы бір рет хабарласқанмен жауап ала алмады.

2 қазанда мәжіліс кулуарында журналистер белсенділердің ұсталуына байланысты бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевке сұрақ қойған, алайда ол "бұл сұрақ өзінің құзыретіне кірмейтінін, сауалды ішкі істер министрлігі өкілдеріне қойсаңыз, дұрыс болады" деп жауап қатты.

Бір аптадан кейін, 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне байланысты референдум өтеді. Онда "сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады.

"Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз" деді 2 қыркүйекте халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елде АЭС бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ті жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелділік артуы мүмкін дейді.

Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан үкіметі тізімінде Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компаниялар‎ы бар. Сарапшылар таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түсе ме деп қауіптенеді.

2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында АЭС тақырыбына байланысты қоғам талқысы өтті. Талқылауға шақырылған спикерлер атом станциясын тұрақты энергия көзі деп мақтады, бұған қарсы азаматтар экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, құрылыстың экономикалық тиімділігі мен АЭС салдарын сөз еткен.