Иранда қауіпсіздік мақсатында барлық әуе рейстер бір күнге шегерілді

Израиль әуе қорғанысының ракеталарды атып түсіріп жатқан сәті.

Иран билігі "аймақта ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" барлық әуе рейстерді бір тәулікке - бейсенбінің таңертеңіне дейін шегеру туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Tasnim агенттігі хабарлады.

Мұндай шешім Иран мен Израиль арасында қарым-қатынас ушыққан жағдайда қабылданып отыр. Сейсенбі күні Иранның Израильге қарай шамамен 180 баллистикалық ракетаны жібергені хабарланған. Тегеран билігі өкілдері мұны бұған дейін өлтірілген ХАМАС пен "Хезболла" басшыларының қазасы үшін "кек қайтару" деп атаған. ХАМАС пен "Хезболла" қарулы топтарын АҚШ пен ЕО террористік ұйымдар деп таныған.

Ал Израиль Иранға жауап беретінін айтты. Израиль әскері "Хезболланың" Ливандағы нысандарын соққылап келеді. Сейсенбіге қараған түні ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігінде құрлық операциясын бастады. Бейруттың оңтүстік аудандарына соққы жасар алдында Израиль тұрғындарға аумақтан кетуді ескерткен.

Иранның ракета соққысы және Израильдің оған "жауап қайтаратындығы" туралы ақпарат Таяу Шығыста әуе қатынастарына айтарлықтай әсер етті. Қатарынан бірнеше әуе компаниясы бағыттарын өзгертті немесе рейстерін кейінге шегерді. Арасында Etihad Airways, Emirates Airlines, Qatar Airways, Flydubai бар.

2 қазанда қазақстандық Air Astana әуе компаниясы да Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Астана мен Алматыдан Дубайға (Біріккен Араб Әмірліктері) ұшатын рейстердің бағыты өзгереді деп мәлімдеді. Әуе компаниясы ұшақтар Иранның әуе кеңістігін айналып өтетіндіктен ұшу уақыты ұзарады деп ескертті.

Әуе компаниясы Сауд Арабиясының Жидда қаласына ұшатын рейстер бағыты өзгермегенін, алайда өңірдегі ахуал ушыққан жағдайда бұл мәселе қайта қаралатынын айтты.

Мұның алдында Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты әуе компанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып ұшуды немесе басқа бағыт таңдауды ұсынған.

Израиль радиосының мәліметінше, Ираннан Израильге шамамен 180 ракета жіберілген. Олардың басым бөлігін Израиль күштері АҚШ басқармасының көмегімен атып түсірген. Таяу Шығыста шоғырланған америкалық эсминецтер Израильдің қорғануына қолдау танытып, әуеден төніп келе жатқан Иран зымырандарына қарсы оншақты қағып түсіргіш жіберді деп хабарлады АҚШ үкіметі.

Ислам революциясы сақшылар корпусы көзделген нысаналардың 90 пайызына соққы тигенін хабарлады. Олар азаматтық нысандарға соққы жасамағанын да айтып өтті. Дегенмен соған қарамастан Палестина автономиясының билігі Иерихон қаласында Иран соққысының нәтижесінде ракета бөлшегі құлаған жерде палестиналық мерт болғанын хабарлады. Бірнеше адам жеңіл жарақаттанған.

The New York Times басылымының жазуынша, соққыны Иран ислам сақшылар корпусы елдің рухани көсемі Әли Хаменеидің бұйрығымен жасаған, ал ел президенті Масуд Пезешкиан шабуыл жөнінде ракета ұшырылған кезде ғана білгенін айтты. Дегенмен ол соққыны қуаттап, Иранның өзін қорғауға құқығы бар деді.

Иранның зымыран шабуылына байланысты мәлімдемесінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран "өте үлкен қателік жасады және сол үшін сыбағасын алады" деді. "Біз өзіміз қабылдаған ережені ұстанамыз: кім бізге шабуыл жасаса, біз де оған шабуылдаймыз", – деген Нетаньяху сейсенбі кешке Израиль үкіметінің отырысы басталғанда айтқан сөзінде.

АҚШ та Иран шабуылының салдары өзіне ауыр болады деп мәлімдеді.

Израильдегі дерекөздерге сүйенген Axios алдағы күндері Израиль Ирандағы мұнай өңдеу өнеркәсібі мен өзге де "стратегиялық нысандарға" соққы жасауы мүмкін деп жазды. Егер Иран бұған "жауап қайтарса", Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасауға дайын деп жазды басылым.