АЭС бойынша тұрғындардан пікір сұраған "Уральская неделя" басылымының құрылтайшысына айыппұл салынды

"Уральская неделя" басылымының бас редакторы Тамара Еслямова

Орал соты "Журналистік бастама" компаниясының жетекшісі Тамара Еслямоваға АЭС бойынша тұрғындардан пікір сұрап, видеоға түсіргені үшін айыппұл салды. Видеосұхбат "Уральская неделя" басылымының YouTube-арнасында жарияланды. Тамара Еслямова – "Уральская неделя" басылымының құрылтайшысы әрі бас редакторы.

3 қазанда сот басылым құрылтайшысы "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп танып, 110 760 теңге (шамамен 230 доллар) көлемінде айыппұл салды.

"Судья Ғайнединова «Журналистік бастама» компаниясын Әкімшілік кодекстің 120-бабының 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасады деп кінәлі таныды. 30 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Яғни, журналистік жанр – сұхбатты сот қоғамдық сауалнамаға балап, қылмыс және заңсыз әрекет деп таныды" деп жазды Еслямова 3 қазанда Facebook желісінде.

Оның сөзінше, сот прокуратураның оны жеке тұлға ретінде "ақпарат құралдары мен онлайн платформа арқылы сайлауалды үгіт-насихат жүргізу ережесін бұзды" деген айып бойынша жауапқа тарту туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Еслямованың сөзінше, прокурорлар айыптауды 120-бапқа ("Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу") ауыстырған.

Сот отырысы әуелі 4 қазанға белгіленген, бірақ ақыры 3 қазан кешке өткен.

"Уральская неделя" басылымының бас редакторы сот қаулысына шағым түсіретінін жеткізді.

Бұған дейін де Қазақстанда АЭС тақырыбы бойынша сауалнама жүргізген блогерлер мен ақпарат құралдары жауапқа тартылған.

Қазіргі заң бойынша сауалнама жүргізуге бұл салада кемінде бес жыл тәжірибесі бар тіркелген заңды тұлғалардың ғана құқығы бар. Олар алдын ала орталық сайлау комиссиясына тиісті құжаттарын өткізіп, жазбаша ескерту жібереді.

Қазақстанда АЭС бойынша референдум 6 қазанда өтеді. Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап береді. Референдум өткізуге қазынадан 15,5 млрд теңге жұмсалмақ.