"Жолда тоқтаған он бекетте газ болмады". Атырауда автогаз тапшылығы байқалады

Атыраудағы жанармай станциясы. 4 қазан 2024 жыл.

Атырауда бірнеше күннен бері сұйытылған газ тапшылығы байқалып отыр. Қаладағы жанар-жағармай бекеттерінде сұйытылған газ кезегіне тұрған көліктер көбейген. Мұндай құбылыс әсіресе, кешке жақын айқын байқалады.

Азаттық тілшісі 4 қазанда түс уақытында сөйлескен бекеттегі оператордың бірі “кешке қарай талон шығара бастайтынын” жеткізді. "Себебі кешке жақын газ көлемі азайып, кезекте тұрған көліктер көбейе түседі" деді ол.

Бекеттердің біріне сұйытылған газ іздеп келген көлік жүргізушісі Руслан Әбілқайыров газ тапшылығын екі күн бұрын байқалғанын айтады. Ол газ тапшылығы кезінде “кезекте жарты сағат тұратынын” айтты. Оның сөзінше, қалада газ тапшы кезінде PromGazBP компаниясының бекеттерінде ғана газ сатылады, ал жекелеген кәсіпкерлердің шағын бекеттерінде газ мүлде болмайды.

Аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір жүргізушінің сөзінше, қалада газ тапшылығы алты ай сайын сезіледі.

“Бүгін Құрманғазы ауданынан қалаға келе жатқан жолда тоқтаған он бекетте газ болмады” деді көлік жүргізушісі.

Тағы бірнеше Өзбекстан азаматы Қазақстан жағына қарай шекарадан өткенде Орал қаласында да, Атырауда да газ таппағанын айтты.

“Біз шетел азаматы болғасын ба, шектеу болды ма екен, газ жоқ деді. Біз қаладан тапқан PromGazBP бекетіндегі кезек шүкір ғой. Өзбекстандағы кезекті көрсеңіз, жарты шақырымнан басталып, ұзарып кете береді” деп те қосып қойды.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жіберген хабарламасында облыста сұйытылған газ тапшылығы барын растап, мұндай жағдай 1 қазаннан бастап байқалғанын айтады.

Әкімдік 1 қазан күні Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталуына байланысты өндіріс уақытша тоқтатылғанын атап өтті. Облыс әкімдігі өңірде сұйытылған газ тапшылығын жою үшін көрші облыстардан қосымша сұйытылған газ көлемін сұратқан.

"Жағдай бақылауда. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ. Осыған орай, облысты сұйытылған газбен қамтамасыз ету мақсатында энергетика министрлігінің хаттамалық тапсырмасы негізінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан 408 тонна сұйытылған газ бөлу туралы шешім қабылданды. «Жайықмұнайгаздан» – 2490 тонна, СНПС-Ақтөбемұнайгаздан – 4122 тонна [бөлінді]. Мәселен, қыркүйек айында 3016 тонна қосымша көлем бөлінсе, қазан айының басында Атырау мұнай өңдеу зауытынан 882 тонна сұйытылған газ бөлінді. 3 қазаннан бастап субъектілер сұйытылған газ жеткізе бастады. Бүгінгі күні оның 321 тоннасы жөнелтіледі, 147 тонна жөнелтілді" деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

Атырау облысында 34 адам иелік ететін жалпы 101 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, сұйытылған газ қазіргі таңда 58 жанармай бекетінде еркін сатылып жатыр. Қалған жанар-жағармай құю бекеттері газ келген кезде қалыпты режимде жұмыс істеуге көшпек.