Ресейде тергеу органдары Навальный өлер алдында қолданған заттардың барлығын тәркілеген

Алексей Навальный

"Досье" орталығы ресейлік тергеушілер оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қазасынан кейін Харп түрмесінен тәркілеген заттардың толық тізімін жариялады. Тізімде 75 зат көрсетілген.

Журналистердің айтуынша, құжатты тергеу комитеті саясаткердің өлімінен кейін толтырған. Құжатты журналистердің қалай алғаны белгісіз.

"Досьенің" жазуынша, тізімде Навальныйдың денесінен алынған барлық сынама үлгілері және ол қолданған заттар жазылған.

Тәркіленген объектілер арасында Навальныйдың жеке заттары – киімі, іш киімі, кітаптар, матрас, сонымен бірге тағам үлгілері, "құсық үлгілері", тырнақ, шашы бар. Колониядан төрт видеотіркегіш алынған, Навальныйдың пальтосы мен ол жатқан еденнен тампондар, сондай-ақ жаттығу алаңынан қар үлгілері алынған деп жазады басылым.

Бұған қоса, медбикелердің жұмысынан кейін қалған материалдар мен қалдықтар да тәркіленген: медициналық маска, құралдары бар жәшік және өкпені жасанды демалдыратын қапшық та алынған.

"Досьенің" мәліметінше, Навальный мен оның айналасынан алынған заттардың үлгілері денсаулық сақтау министрлігіне қарасты орталық сот медицина сараптамасына жіберілген. Тізімге сәйкес, сарапшыларға 75 заттың 31-і берілген.

"Тергеу органдарының әрекетіне қарағанда, құқық қорғау органдары улы зат қалуы мүмкін барлық затты тәркілеуге тырысқан сияқты" деп жазды "Досье".

The Insider басылымы Навальныйды улап өлтірген болуы мүмкін деген болжамды алға тартады. Басылым да Навальный қайтыс болғаннан кейін колонияда тәркіленген заттардың алғашқы 23 түрін жариялады және сараптамаға жіберілді делінген «құсық үлгілері» де бар.

Дегенмен 26 шілде күнгі қаулы жобасында Навальный мен оның заттарынан "улы заттар, ішімдік және есірткі табылмағаны" жазылған.

Insider басылымы құжаттың соңғы нұсқасында Навальныйдың "Новичок" сияқты фосфор-органикалық затпен уланғанын айғақтайтын симптомдар бары баяндалған құжаттар алынып тасталғанын жазады.

3 қазанда ВЧК-ОГПУ телеграм-арнасы Навальныйдың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан тергеу комитетінің қаулы жобасын жариялады. Құжатта өзге жайттардан бөлек Навальный өлмей тұрып 30-40 минут бұрын шынтағы мен тізесінің қанталағаны айтылады, алайда бұл жайт "өліміне қатысы жоқ" деп танылған.

Құжатта Навальныйдың 16 ақпанда түрмеде қайтыс болуына «бірнеше ауру түрткі болғаны атап айтқанда, қан тамырлары мен мүшелерінің зақымдануымен байланысты гипертония, ми ісінуі, қарынша фибрилляциясы, асқынған диффузды миокардиосклероз» деп көрсетілген.

Навальныйдың жақтастары саясаткерді Ресей билігінің бұйрығымен өлтірген деп санайды.

Алексей Навальный Ямал-Ненецк автономды өлкесіндегі Харп қаласында "Полярный волк" түрмесінде 2024 жылы 16 ақпанда көз жұмды. Ол түрмеде отырған кезде 27 рет тәртіптік изоляторға жіберілген – ол жақта саясаткер шамамен 300 күн отырған.