"Қазақмыс" кенішіндегі төтенше жағдайды билік "жазатайым оқиға" деді, компания адамдар қаза тапқанын хабарламады

Қазақстан картасындағы Қарағанды облысы

Қарағанды облысында "Қазақмыс" корпорациясының кенішінде 5 қазанда төтенше жағдай болып, салдарынан жұмысшылар қаза тапқан. Билік мұны "жазатайым оқиға" деп атады.

Апат туралы хабар 6 қазанда ақпарат құралдарында тарай бастады. Кейін шахтаның үш жұмысшысы газдан уланды деп жазылған құжат пайда болды, олардың екеуі қаза болған, үшіншісінің жағдайы белгісіз (бұл құжат Азаттықта бар).

Тірі қалған жұмысшыны Балқаш ауруханасына жеткізді деген ақпарат бар. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы оның жағдайы туралы Азаттық сұрағына 7 қазанда жауап беретінін айтты.

Азаттық 6 қазанда облыстық полиция департаментінен "Бұл оқиға бойынша іс қозғалды ма?" деп сұраған. Әлі жауап келген жоқ.

Еңбек инспекциясы жексенбі кешке комиссия құрылды деп хабарлап, "Қазақмыс" корпорациясының Саяқ кенішінде "газдан улану" оқиғасы болғанын мәлімдеді.

– Комиссия құрылды, оған "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС – "Балқаштүстіметалл" өндіріс бірлестігінің жұмысшыларына қатысты "жазатайым оқиғаға" арнайы тергеу жүргізуге санитария-эпидемиология бақылау қызметінің өкілі қосылды. Соның нәтижесінде оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады, – деп жауап қатты Азаттық қойған сұраққа Қарағанды облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті. Жауапта неше жұмысшы қазаға ұшырағаны және зардап шеккені жазылмаған.

Азаттық тілшісі 6 қазан кешке "Қазақмыс" корпорациясынан осы оқиға бойынша жауап алуға тырысты. Компанияның баспасөз қызметіне сұрақтар жіберді. Азаттық қаза тапқан және зардап шеккен жұмысшылар санын нақтылауды және шахтада не болғанын хабарлауды сұрады. Корпорацияның баспасөз қызметінің өкілі ақпаратты анықтайтынын айтып, 7 қазанда жауап беруге уәде етті.

Компанияның ресми сайты төтенше жағдай туралы хабарлаған жоқ. Сайттағы кейінгі ақпарат 4 қазанда жарияланған, онда корпорация басшылығы Жезқазғанда жұмысшылармен кездескені айтылған. Ақпаратқа қарағанда, бұл жиында өнеркәсіптегі қауіпсіздік, әлеуметтік жауапкершілік, компанияның даму жоспары және басқа да өндірістегі мәселелер талқыланған.

"Саяқ" кен орны Қарағанды облысы Балқаш қаласында орналасқан. Онда мыс-сульфид өндіреді. "Қазақмыс" корпорациясының Балқаштағы өндіріс орнында үш кеніш, байыту фабрикасы, мыс балқыту зауыты және жылу электр станциясы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өтемақы жолында күрес. Мыс өндіру үшін көшірілгендердің мұңы