Израиль армиясы Газада ХАМАС-қа қарсы жаңа операция жүргізіп жатыр

Газа секторындағы Израиль сарбаздары, 2024 жылдың қыркүйегі.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторының солтүстігіндегі Жабалия аймағында АҚШ пен Еуропа Одағы террористік деп таныған палестиналық ХАМАС радикал тобына қарсы жаңа операция бастады.

ЦАХАЛ Израиль сарбаздары аймақта қарулы жиһадшылар мен олардың инфрақұрылымын тапты деп хабарлады. ЦАХАЛ Израиль авиациясы қару-жарақ қоймаларын, жерасты инфрақұрылымын және басқа да нысандарды қоса алғанда, ХАМАС-тың ондаған әскери нысанына шабуыл жасады деп мәлімдеді.

Израиль әскерінің ақпаратынша, палестиналық топ Жабалия аймағында өз жедел әлеуетін қалпына келтіруге тырысып жатыр.

ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі шабуыл салдарынан бұрын мектеп және мешіт болған ғимараттар бүлінді, 26 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған деді. Мешіт Газаның орталығында орналасқан. Израиль қорғаныс армиясы таратқан хабарламада Газадағы бұрынғы мектеп ғимаратына шабуыл жасалғаны айтылған. ЦАХАЛ мәліметінше, екі ғимаратты да ХАМАС тобы пайдаланған.

Былтыр 7 қазанда ХАМАС тобы Израильдің оңтүстігіне шабуылдаған, Израиль армиясы осы оқиғаға бір жыл толғанға бір күн қалғанда Газа секторында рейд бастады. ХАМАС шабуылынан мыңнан астам адам қаза тапқан, 250-ге жуық адамды ХАМАС өкілдері Газа секторына күштеп алып кеткен. Кепілге алынғандардың бір бөлігі Израильдің ХАМАС-пен келісімі аясында босатылды. Тұтқында жүзге жуық адам қалды, 40-қа жуығы қаза болды деп саналған.

ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі Израильдің әскери операциясы басталғалы секторда 42 мыңға жуық адам қаза болды деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ Бас ассамблеясы Израильді Палестина аумағынан кетуге шақырды