"Үлкен қателік жасады". Иран Израильге қарсы топтап зымыран атты

Израиль күштері Ашкелон қаласына әуеден төніп келе жатқан Иран зымырандарын атып жатыр. 1 қазан, 2024 жыл.

Иран Израильге қарсы зымырандар ұшырды. Тегеран билігі өкілдері мұны "кек қайтару" деп атаған. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Иран "өте үлкен қателік жасады" деді. АҚШ Израильге қолдау көрсетті. Тегеранның ісін айыптаған БҰҰ мен Еуропа Одағы жетекшілері Таяу Шығыс аймағында атысты дереу тоқтатуға үндеді.

Иран Израиль аумағына зымыранмен шабуыл жасады. Бұл туралы сейсенбі, 1 қазан кешке Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) хабарлады. Израильде барлық жерде әуеден қауіп төнетінін ескерткен дабыл қағылды. Израиль тұрғындарына шабуылдан қорғанатын жерлерге жасырыну туралы бұйрық берілді.

"Біршама уақыт бұрын Ираннан Израиль мемлекеті жағына зымырандар ұшырылды. Басшылық елдің түрлі аймағында тұрғындарды құтқару жөніндегі нұсқаулық таратты. ЦАХАЛ бейбіт тұрғындарды қорғау үшін қажет нәрсенің бәрін жасайды", – Израиль әскери басшылығы жариялаған алғашқы хабарлардың бірінде осылай деп жазылған.

Бұл – жыл басынан бері Иранның Израильге екінші тікелей шабуылы. Біріншісі сәуірде болған, ол жолы Иран Израильге қарсы жаппай зымыран мен дрон ұшырған еді.

Иранның зымыран шабуылынан бүлінген жеңіл көліктің қасынан өтіп бара жатқан әйел мен израильдік сарбаздар. Тель-Авив, 2 қазан, 2024 жыл.

Иран мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) мәлімдемесін таратты. Онда Израиль жағына қарай, Тель-Авив маңайындағы үш әскери базаны нысанаға алып "ондаған зымыран" ұшырылғаны айтылған. Егер Израиль оған жауап қайтарса, онда Тегеран жаңа шабуыл жасайтын болады деп ескертті ИРСК. Иранның жоғары шенді шенеунігі зымыранмен атқылауға бұйрықты елдің ең жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи берді және Хаменеидің өзі қауіпсіз жерде деп мәлімдеген Reuters агенттігіне.

Иран басшылығы өкілдері Израильге зымыран шабуылын палестиналық ХАМАС радикал тобы мен Ливанда орналасқан "Хезболла" жетекшілерінің қазасы үшін кек қайтару деп атады. ХАМАС-ты АҚШ пен Еуропа Одағы террористік деп таныған. "Хезболла" – Ливанның оңтүстігінде шииттер көп шоғырланған аудандардың басым бөлігін бақылайтын қарулы топ және саяси партия. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы Ливан парламентінде де отыр.

Сейсенбіде ЦАХАЛ өкілі Даниэль Хагари Израиль әскері "қорғаныста да, шабуылда да жоғары әскери дайындық күйінде" деп мәлімдеді.

"Бұл шабуылдың салдары болады. Біздің жоспарларымыз бар, және де өзіміз қажет деп тапқан кезде және сондай жерде әрекет жасаймыз", – деген Хагари. Ол сәрсенбіге қараған түні Израиль әскери әуе күштері Таяу Шығыс аймағында кейінгі бір жылдағы әдетінен танбай, "бүкіл күшімен қуатты шабуылдар жасауды" жалғастыра беретінін айтқан.

Иран Израильге қарай ұшырған зымыран құлаған жер мен алыстан бақылап тұрған адамдар. Рамалла қаласы, Батыс жағалау, 1 қазан, 2024 жыл.

Иранның зымыран шабуылына байланысты мәлімдемесінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран "өте үлкен қателік жасады және сол үшін сыбағасын алады" деді. "Біз өзіміз қабылдаған ережені ұстанамыз: кім бізге шабуыл жасаса, біз де оған шабуылдаймыз", – деген Нетаньяху сейсенбі кешке Израиль үкіметінің отырысы басталғанда айтқан сөзінде.

Сол күні кешке Иранның ISNA жаңалықтар агенттігі Иран Израильге шабуыл жасағаннан кейін ел астанасының әуе кеңістігін жапты деп хабарлады. Тегеран әуежайында барлық рейстер сәрсенбі күнгі таңертеңгі сағат онға дейін тоқтатылған.

Иран шабуылы салдарынан Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Иерихон қаласында бір палестиналық ер адам қаза тапқан, Израильдің орталығында мектеп, Тель-Авивте мейрамхана бүлінген деп хабарлады ВВС.

Израиль армиясы радиосының мәліметінше, Иран Израильге жиынтығы 200-ге жуық зымыран атқан. ЦАХАЛ кейін анықтағандай, Израиль аумағына шамамен 180 зымыран ұшырылған. Олардың көбін Израиль күштері АҚШ басшылығының көмегімен жойды деді Израиль жағы. Таяу Шығыс аймағында теңізде жүрген америкалық эсминецтер Израильдің қорғануына қолдау танытып, әуеден төніп келе жатқан Иран зымырандарына қарсы оншақты қағып түсіргіш жіберді деп хабарлады АҚШ үкіметі.

Сейсенбінің кешінде Иерусалим, Тель-Авив, Ашкелон және басқа қалаларды әуе шабуылына қарсы қару дыбыстары естілді. "Естіліп жатқан жарылыстар қағып түсірілген зымырандар немесе құлаған снарядтардың дыбысы", – деген ЦАХАЛ өкілдері.

Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне сүйенген Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Джо Байден америкалық қарулы күштерге Израильге Иран зымырандарынан қорғануға жәрдемдесуді және Иранды нысанаға алған зымырандарды қағып түсіруді тапсырған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ракетный удар Ирана по Израилю

Кейінірек ЦАХАЛ зымыран шабуылы тоқтады деген ақпарат таратты. "Жағдайды бағалау қорытындысы бойынша, тұрғындарға бүкіл ел аумағындағы қорғалған паналайтын орындардан шығуға рұқсат ету туралы шешім қабылданды", – деді Израиль әскери басшылығы.

Израильдің төтенше қызметінің ақпараты бойынша, Иран жасаған шабуыл салдарынан кімдер айтарлықтай жараланғаны туралы деректер әлі түспеген. Израиль ұлттық медицина қызметі Тель-Авивте екі адам жарықшақтардан жеңіл жараланған және паналау орнына бара жатқанда бірнеше адам болмашы жарақат алған деп хабарлады.

Бұған дейін, 1 қазанда АҚШ президенті әкімшілігіндегі дерек көзі Вашингтонда Иран Израильге қарсы баллистикалық зымырандармен шабуылға дайындалып жатыр деген мәлімет барын мәлімдеген. АҚШ әкімшілігі Иран Израильге қарсы тікелей әскери шабуыл жасаса, Тегеран оның салдарын тартады деп айтқан.

Сейсенбіде Иран Израильге қарсы зымыран ұшырғаннан кейін БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш "жанжалға жанжалмен" жауап қайтаруды айыптаған. "Мұны тоқтату керек. Біз үшін ең маңыздысы – атысты доғару", – деген Гутерриш.

Еуропа Одағы басшылығы Иранның іс-әрекетін айыптады. Еурокомиссия төрағасының орынбасары Жозеп Боррель Иранның Израильге шабуылын "үзілді-кесілді" айыптайтынын айтты. Боррель Х әлеуметтік желісінде: "Шабуылдар мен есе қайтарудың қауіпті легі бақылаудан шығып бара жатыр. Бүкіл аймақта атысты дерек тоқтату қажет", – деп пікір білдірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Ливан аумағына әскерін кіргізіп, операция бастады

Сейсенбіге қараған түні Израиль армиясы көрші Ливан аумағына әскер кіргізіп, Иран демеп отырған "Хезболла" тобына қарсы "шектеулі" операция бастағанын мәлімдеген. Израиль күштері мен "Хезболла" арасында ауыр шайқастар жүріп жатқаны туралы ақпарат тараған. Тель-Авив операция Ливанның "Хезболла" тобы бақылап отырған оңтүстік бөлігінде жүріп жатыр деп хабарлаған.

АҚШ Таяу Шығыстағы қақтығыс ұлғайып кетеді деп Израильдің мұндай қадамына қарсы болған.

Израиль Ливанда "Хезболлаға" қарсы операция жүргізіп жатқан кезде Иран Ливанға да, Газа секторына әскер жібермейтінін мәлімдеген еді.

"Иран Ислам Республикасының қосымша және ерікті күштерін жіберудің қажеті жоқ", – деп мәлімдеді Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нассер Канани дүйсенбі, 30 қыркүйек күні. Ол Ливан мен Палестина аумағындағы жауынгерлер "агрессияға қарсы күресуге шамасы жетеді" деген.

Мұның алдында Иран Израильден кейінгі бірнеше апта бойы Ливан аумағына жасаған әуе шабуылдары үшін есе қайтарамыз деп сес көрсеткен. Тегеран сол шабуылдардың нәтижесінде Иранға одақтас "Хезболла" тобы басшылығынан бірнеше адам, соның арасында ұйымды 30 жылдан артық уақыт басқарған Хасан Насралла қаза тапқанын атап айтқан.

Иран биыл жыл басынан бері Израильге осымен екінші рет тікелей шабуыл жасады. Мұның алдында, 2024 жылғы 8 сәуірде Иран Израильді нысанаға алып жаппай қанатты зымыран мен дрон-камикадзе ұшырған. Тегеран мұны Иранның Дамаскідегі консулдығына жасалған әуе шабуылына қарымта деп атаған. Ол жолы Иран ұшырған зымыран мен дрондардың түгелге жуығын Израиль мен одақтастары қағып түсірген.